Бүгін Е.Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжде білім алушы жастармен және оқу ордасы ұжымымен кездесу өтті. Түркістан қалалық мәслихат депутаттары Н.Жүсіпбаев пен А.Абдуллаевтың қатысуымен өткен кездесу барысында қонақтар мен қатысушыларға Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы кеңінен түсіндірілді.
«Бәсекеге төтеп бере алатын ел боламыз десек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында білімді, ғылымды жетілдіру мәселесі толық айқындалған. Жолдауда көрсетілген ел экономикасын және ел басқаруды түбегейлі өзгертудің қажеттілігін өмірдің өзі талап еткендігін айта келе, Президент біздің болашақ дамуымыз жан -жақты сарапталған өзгерістер жасауға байланысты деп көрсетті. Соңғы жарты жылдағы әлемдегі індет, дағдарыс біздің әлсіз жақтарымызды ашық көрсетті. Жолдауда соның орнын толықтыруды ұсына отырып, жас ұрпақтың оқуына, үздіксіз білім алу және ғылым саласында жетістіктерге жетуіне барлық жағдайды жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталған.
ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары Ресей империялық-отаршыл үкіметінің өзіне де петиция жазып талай іргелі ұсыныстар жасап, сол кездегі Думада қазақтың жер, оқу, дін т.б. стратегиялық мәселелерін дұрыс талқылауға қол жеткізген еді. Ал бүгін мемлекеттік-ұлттық маңызды мәселелерді шеуде халық пікірімен санасатын, халықты тыңдай білетін билік болсын "дейтін ұстанымына берік Президент , халықтың петиция жазу арқылы маңызды ұлттық шешімдер қабылдауда тікелей атсалысуы қажет " деген пікірін біз өте дұрыс деп санаймыз.
Тарих сабағынан тағлым алу тек жақсы нәтижеге жеткізеді. Сонымен қатар, Жолдаудың бірінші қырқүйек жаңа оқу жылының басталау күнінде жариялануы "Ел болам десең бесігіңді түзе" деген тарихи тұжырымға мән бергендіктің белгісі деп санаймыз»,-деді Н.Жүсіпбаев.
А.Абдуллаев та жиында жастарға өз ойын жеткзді. «1 қыркүйек күні Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Президент халыққа Жолдау жасады. Үндеуде балалар туралы жақсы бастамалар айтылды. Нақтырақ айтқанда, алдағы уақытта ұлттық қордың 50%-ы дүниеге келген бала 18 жасқа толғанша жеке шотына аударылып отырылатын болады. Бұл өте керемет, өйткені біз болашағымызға көп көңіл бөліп жатырмыз. Егер болашағымызға алаңдайтын болсақ, онда балалардан бастау керек. Прзеиденттің үндеуі біздің әлеуметтік өмірімізді жақсартуға бағытталған болатын. Студенттер мен өсіп келе жатқан балаларға көп көңіл бөлінді. Дұрыс! Себебі, қызыл дипломы бар кейбір жас мамандар базарларда жұмыс істеп, күндерін көріп жатыр және сауда үйлерінде немесе күзетте жұмыс істейді. Қазір барлық жастарды мамандық бойынша жұмыспен қамту үшін өндірістік күштерді бөлуді ойластыру керек. Қазіргі таңда жұмыссыз жастар көп. Осы мәселенің түйінін шешу керек. Ең алдымен, өндірісті көтеру қажет»,- деп атап өтті ол.
Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы маңызды күндерде жұмыла жұмыс жасайтындарын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды педагогикалық колледжінде 50-ге жуық оқытушы дәріс беріп, 600 ден астам студент білім алуда.