Түркістан қаласының Полиция басқармасына қарасты Көші-қон қызметі бөлімі бірқатар іс-шараларды атқарып жатыр. Соның ішінде нақты айтар болсақ, облыс орталығы — Түркістан қаласында 2022 жылдың 10 айында 22899 азамат құжаттандырылды. Оның 10585-і – төлқұжат алуға, ал 12776-сы жеке куәлік алуға өтініш тастаған. Бұл азаматтардың өтініштерінің 5 пайызы кері қайтарылған. Бұл жөнінде Түркістан қаласының Полиция басқармасының Көші-қон қызметі хабарлап отыр.
Жалпы айта кетсек, Түркістан қаласы Полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімі арқылы жыл басынан бері 10 661 шетел азаматы Түркістан қаласы аумағына уақытша тіркеуге қойылып отыр. Оның 5800-ден астамы шаһарға жұмыс бойынша келіп, бюджеттің пайдасына жеке табыс салығымен 56 миллион теңгеден астам ақша өндірілген. Жұмыс істеу үшін уақытша тіркеуге қойылған шетелдіктердің 85 пайызы жұмысқа құжаттандырылды. Сонымен қатар, жергілікті құзырлы орган мамандарының деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 айында Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін — 20 азамат, Қазақстан Республикасының азаматтығын растау үшін – 2 азамат, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адам деп тануға 1 азамат өтініш білдірген екен. Қазақстан Республикасында тұрғылықты тіркеуге – 11 азамат, Қазақстан Республикасында тұрғылықты қалдыруға — 11 азамат, шетелге тұрақты шығуға 2 азамат өтініш білдірген. Сондай-ақ түркістандық полицейлер арқылы жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 690 хаттама толтырылып, 8 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.
«Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы, келуші шетел азаматтарының саны күрт өсті десек те болады. Ал олардың елдегі жүріп-тұру тәртібін, қауіпсіздігін бақылап отыру өте маңызды. Соңғы 3 айда түркістандық көші-қон қызметкерлері заңнамаға сәйкес облыс аумағынан азаматтығы жоқ 4115 шетелдікті анықтап, есепке қойған. Бұлардың көпшілігі — Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елінің азаматтары. Ал осы уақыт ішінде Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 2641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған» — дейді Түркістан қаласы Полиция басқармасының көші-қон бөлімінің қызметкерлері.
Бұдан бөлек көші-қон қызметі алимент төлеушілерді, борышкерлерді іздеу, халықты құжаттандырып, тіркеу және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын іске асырады. Осыған орай жұмыстың жан-жақтылығына байланысты Көші-қон қызметі прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен, шекара қызметімен, Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментімен, экстремизм, жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция басқармасымен бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады.
Халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында ағымдағы жыл басталғалы 48680 азаматқа жеке куәлік немесе төлқұжат алуға 1-нысандағы арыздар ресімделген. Ал төлқұжат немес тіркеу ережелерін бұзған 1801 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2022 жылдан бастап Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын да қарқынды жүргізді. Аз ғана уақыт ішінде азаматтыққа қабылдауға 381 шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғалар тұрақты тіркелген екен. Ал бұл бойынша 701 адам арызданған.