Жемқорлық көріністері қоғам үшін жат құбылыс

Қоғамның зайырлылығын екшейтін көрсеткіштердің бірі – жемқорлықпен күрес. Дамыған елдердің ішінде АҚШ, Малайзия, Грузия сияқты мемлекеттер үшін жемқорлық – ең ауыр қылмыс болып саналады. Біздің елде де онымен күрес күшейтілген. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес тоқтамайтынын жеткізген еді.

image.png

«Орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс» деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ Президент «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп жемқорлардан түскен қаржыны жұмысау көзін де анықтап берген еді Жолдауда. 

Түркістан қалалық соты төрағасы Айгүл Жаңбырбаеваның айтуынша, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағым, өтініштері. Мемлекетіміздің кез келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

- Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындалған. Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында қалада сыбайлас жемқорлық көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру қылмыстық шабуылдан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлық көріністерін жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына айналса ғана, жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижелі болары сөзсіз, - дейді ол. 

Дегенмен, сыбайлас жемқорлық – түрлі дәрежеде барлық елдерге тән трансұлттық құбылыс. Мұны тіпті 2003 жылы БҰҰ-ның өзі тиісті Конвенция қабылдау арқылы мойындады. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық – адамдарды заңсыз тәсілдермен байыту немесе қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдалану ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп. Өкінішке қарай, мемлекетке опасыздық жасау, табиғатты пайдалану, жерді пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру тармақтарында да жемқорлықпен ішінара байланысып жатқан түрлі қылмыстар орын алуда. Әр мемлекеттің жегі құрттай болған бұл мәселемен күресу жолы әртүрлі. 

Жаһандық сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 92-орында. Республика лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деңгейі жоғары елдер санатына енді. Мұны бұрынғы ықпалды мемлекеттік қызметшілерге қатысты көптеген сот үкімдері растайды.

Қазақстан Президенті ұлттық саясатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте парақорлықпен тоқтаусыз күресуге ерекше екпін беретінін атап өткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою мен құқықтық мемлекет орнатудың, тиімді құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығына айрықша тоқталды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың барлық аспектілерін түбегейлі қайта қарастыру қажеттігін атап өтіп, бизнес пен азаматтардың сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларына жауап берудің жүйелі тәсілін құру міндетін қойды. Президент кеден, құрылыс, білім және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу қажеттігін ерекше атап өтті. Жауапты басқармаларға аталған салалардағы сыбайлас жемқорлықты жоюдың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісе отырып ұсынуды тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан азаматтарының өміріне тікелей әсер ететін негізгі салалардағы сыбайлас жемқорлықтың осал тұстарын жоюмен белсенді түрде айналысуда. Атап айтқанда, білім беру саласында 2023 жылы жүргізілген талдау мемлекеттік процестерді автоматтандыруда, әсіресе бюджеттік өтінімдерді жіберуде бірқатар олқылықтардың барын көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бір-бірімен нашар интеграциялануы деректермен алмасу процесін қиындататыны анықталды. Атап айтқанда, Ұлттық білім беру базасы мен «Қазынашылық – Клиент», «Жеке тұлғалар», Enbek.kz деректер базалары арасында ақпарат алмасу барысында кедергілерге кезігу ықтималдылығы жоғары.

Сыбайлас жемқорлықпен күресудің кешенді шаралары елімізде тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мұны біз екі күннің бірінде жемқорлардың құрықталуы туралы жарияланып жатқан ақпараттардан аңғарып отырмыз. Алайда, күресті жүргізу бөлек, сол күресті жүргізетін өкілетті органдарға деген халықтың сенімі бөлек дүние. Осы ретте ел бұл індетпен күресудің мүмкін екендігіне көз жеткізбесе, онымен тоқтаусыз күресе берудің өзі нақты нәтижеге алып келетінін болжау қиын. Себебі ел сенгенде ғана күрес шараларына ынта-шынтасымен кіріседі.

Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) 2023 жылғы қазан-қарашада республикадағы 18 мың отбасыға жүргізген «Халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне сенімінің деңгейі» сауалнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім былтыр айтарлықтай өскен. Сауалнама барысында респонденттердің 51,1 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке толық сенім артатынын айтты. 2023 жылғы сәуір-мамырда бұл көрсеткіш 43,4 пайызды құрады. Бұл қызметке ішінара сенетін респонденттердің үлесі 32,6 пайыздан 31,1 пайызға, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке толық сенбейтіндердің үлесі 5,5 пайыздан 3,9 пайызға төмендеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенетіндердің үлесі гендерлік жағынан шамалас: ерлер арасында 51,2 пайыз, әйелдер арасында 51,1 пайыз. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенбейтін ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек: тиісінше 4,5 пайыз және 3,5 пайыз аралығында. 

Жасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ең жоғары сенім 15 пен 19 жас және 20 мен 24 жас аралығындағы жастар: респонденттердің тиісінше 58,4 пайызы және 57,9 пайызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке мүлде сенбейтіндердің ең көп үлесі 60 пен 80 жас аралығындағы азаматтар арасында 5,3 пайыз. Одан кейін 30 бен 34 жас аралығындағы респонденттер 4,6 пайыз. Бірақ, сенімсіздіктің ең төменгі деңгейі 20 мен 24 жас аралығындағы азаматтар арасында байқалды: бар болғаны 1,9 пайыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенімсіздік себептері арасында респонденттердің оны ешқашан кездестірмеуі басым болған, бұл нұсқаны көрсеткендердің үлесі 39,6 пайыз. Тағы 24,5 пайызы бұл қызметтің өзін жемқорлық деп санайды. Респонденттердің 19,4 пайызы сенімсіздіктің себебі ретінде БАҚ ақпаратын, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйенің жабықтығын көрсетті. Сонымен қатар, респонденттердің 2,4 пайызы бұл құрылыммен бұрыннан кездесіп, оң нәтиже алмағанын атап өтті.

Бұл статистика сәт сайын мың құбылады. Алайда, құбылған сандардың өзі елдегі жемқорлықпен қызмет бағытын қай арнаға қарай бұру керектігін айғақтап тұрғандай. Мәселен, жуырда ғана kursiv.kz сенаттың пленарлық отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасы қаралғаны жөнінде ақпарат таратты. Жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев саладағы өрескел заң бұзушылықтар туралы айтты. «Статистикалық деректерді сараптау аясында еліміздегі жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың 80 пайызы мемлекеттік сатып алумен байланысты екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты мұндай құқық бұзушылықты азайту үшін мониторинг жүйесі, бақылау жүйесі қажет, ол фактіден кейін емес, алдын ала жұмыс істейтін болады. Егер депутаттар қолдап жатса, онда бұл Заң сондай жүйені құруға септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді Сенат спикері. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстандағы жемқорлықтың нағыз ошағы – мемлекеттік сатып алулар операцияларында екенін аңғару қиын емес.

Басқа елдердің тәжірибесі сыбайлас жемқорлықпен күресте табысқа «жазалау + алдын алу + заңдар мен түрлі рәсімдердің ашықтығы» тәсілін жүйелі түрде қолдану арқылы ғана жетуге болатынын көрсетеді. Десек те, елімізде жемқорлықты жою және алдын алу мақсатында табанды түрде қызмет етіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне деген жастардың сенімі бұл бағыттағы шаралардың жуық арада толағай табысқа алып келетінін аңғартты. Оның үстіне, елдегі жемқорлықтың қара қазаны қандай операциялар барысында қайнай түсетіні белгілі болып отыр. Алдағы бес-он жылдықта жаһандық сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде алдыңғы ондықтың қатарынан көрініп, зайырлылық өлшемдеріне толық лайық боламыз деген сенімнің күші зор.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер