Аз су мөлшермен жылдам суаруға болады.

image.png 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына  іс-сапармен келді. Президенттің  өңірге жасаған жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Қ. Кемелұлы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштаған соң  түрленген шаһардағы бірнеше әлеуметтік нысандарға аяқ басып, жергілікті халықпен жүздесті. 

Көне шаһар аз уақытта адам танымастай өзгерді. Қаланың архитектурасынан бөлек, өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту уақыт күттірмес міндет ретінде белгіленді. Сондықтан жаңа өндірістік парк құрылып жатыр. Бірінші кезеңінде 42 ғимарат салынып, өнім шығарамын деген кәсіпкерлерге жалға беріледі. Кейін тағы жер бөлініп, 150 ден астам зауыт фабрика орналастырылмақ. Мемлекет басшысы қала экономикасын өркендетіп отырған    «SPK TURKISTAN» өндірістік паркіндегі кәсіпорындармен танысты. 

Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды. Президент  ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.    

Соңғы жылдары еліміздегі ең актуальды проблема су тапшылығы. Сондықтан болар шаруалар бұрынғыдай егістік алқабын үлкен арықтармен суғаруды азайтқан. Оның орнына жаңа техноологияларды пайдалануда.  Еліміздегі ең үлкен жаңбырлатын суару технологиясын өндіретін кәсіпорын Түркістан қаласында орналасқан.  Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды.

Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

«Біз Орталық Азиядағы  жаңбырлатқыш машиналар өндәретін ең алғашқы зауытпыз. Кәсіпорын  адам күшін көп талап етпейді. Себебі мұнда барлығы автоматтандырылған компьютерлік роботтар қолданылады. Зауыт бәсекелестікке төзімді. Өйткені біздің өнімдер өзге кәсіпорынның өнімдеріне қарағанда бағасы 20-30 пайызға арзан жүреді»,- дейді «BNK Group» серіктестігінің  өндіріс жөніндегі директоры Алмас Дүйсебайұлы. 

Мекеме 2019 жылдан бері еліміздегі шаруаларға 15 мыңнан астам аймақты қамтитын техника жөнелткен. Биыл тағы 70 құрылғы сатыпты. Технология 4 мың аймақты суғаруға жарап тұр.  Мекемеде айына шамамен 100-ге жуық жаңбырлатып суғару техникасы әзірленеді.  Инновациялық техниканың жасалу әдісіне кеңірек тоқталып өтейік.

Ауылшаруашылығында таптырмайтын аталған машинаның құрылысына қажетті өнімдердің  басым көпшілігі Ресейден және Америка құрама штаттарынан жеткізіледі. Айталық  құраушы бөліктер Ресейлік металлдан жасалады. Мұндағы мамандар бір айда 160-150 тоннаға жуық темірді өңдеп, қажетіне жаратады. Ірі кәсіпорында алдымен қондырғының негізгі бөлшегі   темір құбырларды әзірлейді. Оларға қажетті өлшемдер беріліп, кесіледі.  Сөйтіп екінші кезеңде жұмыс қыза түседі. Қажетті металл лазерлік станокка қойылады. Мұндағы темірдің қалыңдығы 8 миллиметр шамасында. Ол негізгі бөлшектердің бірі ретінде саналады. Себебі онда егістік алқабына қажетті су тасымалданады. Кәсіпорындағы мамандар дәл осындай құрылғы бөлшектің 40-ққа жуығын әзірлейді. Одан кейін қос құбырдың арасын байланыстыратын жалғаушы жабдық жасалады. Ол егістік алқабында жұмыс процесінде қандайда бір апат, оқыс оқиға орын алғанда құбырлар бір-бірінен ажырап, бөлініп кетпес үшін жасалады. Жұмысшылар зауытта мұндай бөлшектің күніне 8-ін әзірлейді. 

 «Құбырларды орнынан тұрғызу үшін угольниктер қолданамыз. Яғни каркас арқылы құбырлар құрастырылады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бригадирі Бағлан Қалбек.   

Жаңбырлатып суғару техникасы 25 жыл тоқтаусыз жұмыс істейді. Күтімі жақсы болса одан да ұзақ мерзімге жарайды екен. Сапалы өнімге елімізде сұраныс артып келеді.  Зауытта жаңбырлатып суару технологиясының 3 түрлі нұсқасы құрастырылады. Тапсырыс келсе мамандар алқапты есептен құрылғыны құрып, шаруаға өнімді 100 пайыз дайын етіп тапсырады. 

«Қондырғының басты бөлшегі - «басқару тетігіне» қажетті құралдар  әйгілі chint және schneider компанияларынан тапсырыспен алынады. Осы жерде құрастырылып, алғашқы  сынақтан өтеді. Бұл бөлшек қондырғының «миы» десек те болады. 440 вольттық аппарат металл конструкцияны әрі қарай қимылдату үшін  күш береді. Мұның 3 қорғанышы бар. Ток күші  көп болса немесе  азайып кетсе сондай-ақ құлау жағдайында  құрылғының істен шығуынан, күйіп кетпеуінен қорғайды. Мұндай кезде құрылғы автоматты түрде өзі өшіп қалады.  Егістік алқабындағы көкөністер мен жемістер  бірдей мөлшерде суарылмайтыны белгілі. Бір көкөніс суды көп талап етсе, енді бірін көп суару қажет емес. Жаңбырлатқыш машиналарда бұл функция қарастырылған. Таймер арқылы суару уақытын таңдауға болады.  Көбірек суару қажет болса таймерді азайтамыз. Мұндай жағдайда құрылғы 12 сағаттың ішінде 1 айналым жасайды.   Керісінше таймерді жылдам режимге қоятын болсақ құрылғы 6-8 сағатта бір айналым жасап, алқапты біркелкі суарып шығады. Бұл құрылғы арқылы алқаптағы өнім екі есеге өседі,  есесіне суды үнемдеп, шаруалардың шығынын азайтады»,- дейді «BNK IRRIGATION» ЖШС бас инженері Дархан Абдуллаев. 

Құрылғының келесі бір маңызды бөлшегі - редуктор. Ол жаңбырлатып жүргізілетін машинаның дөңгелектерін айналдырып, жүргізіп отырады. Келесі бөлшек «форсунка» деп аталады. Ол алқапқа  суды жаңбырлатып шашады. Суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басты жабдық осы.  Өндіріс орнындағы жұмыстың соңғы кезеңінде тисті өлшеммен кесіліп жасалған құбырлар Алматы қаласына жөнелтіледі. Себебі құрал ұзақ мерзімге жарау үшін арнайы химиялық қосындылармен боялады.  Бұл бояулар темірді тот басудан, шіруден сақтайды әрі әдемі күміс түсті рең береді. 

Бұл тәсіл топыраққа, өсімдікке және оларды қоршаған ауаға ең қолайлы тәсіл. Мұндай әдісте су сорғыш арқылы арнайы жаңбырлатқышқа су беріледі де, жоғарыдан топыраққа жаңбыр түрінде себіледі. Басқа суару әдістеріне қарағанда жаңбырлатып суарудың төмендегідей артықшылығы бар:

- Суаруды толық механикаландыру.

- Жер асты ыза суы жақын жерлерде өте қолайлы.

- Егінді өзара жақын егуге мүмкіншілік туады.

- Күрделі еңістікті жерлерде пайдалануға қолайлы.

- Жер бетінің тегістігін қажет етпейді.

- Аз су мөлшермен жылдам суаруға болады.

- Ағынды (ақаба) су болмайды.

- Су 25-30 пайыз үнемделеді тағы басқа.

Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі суды екі-үш есеге дейін үнемдейді. «Судың да сұрауы бар» демекші аз су жұмсап мол өнім алу болашаққа да сенімділікті арттырады.

Сондай-ақ, осы әдісті пайдалана отырып, диқандар жазық жерде тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіре алады.

Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді.

Жобалық құны 4 миллиард теңге болатын кәсіпорында 70-ден аса мамандар жұмыс істейді. Олар жылына 1000-ға жуық техниканы әзірлейді. Зауыт алдағы уақытта трактор жасап шығаруды жоспарлап отыр. Ондай жағдайда  30-ға жуық тұрғынның бос қолына күрек табылмақ. Осылайша  мекеме ауылшаруашылық саласына қажетті қызмет пен өнімнің барлық түрін ұсына алады. 

«Жаңбырлатын суару мен тамшылатып суарудың айырмашылығы тамшылатып суару қазіргі таңда инвестициялық тұрғыдан алғанда 15-20 пайызға қымбат түседі. Бірақ су үнемдеуі бойынша тамшылатып суару 10-15 пайызға төмен болады. Ал жаңбырлатып суару жүйесі қазіргі таңда барлық су үнемдеу технологиясына қарағанда ең тиімдісі және ең арзаны болып тұр. Масштабтау кезінде тамшылатып суару максимум 100 гектарға жасайтын болса ал жаңбырлатып суару бойынша 1000, 2000, тіпті 5000 гектар алқапты қамти алады. Біздің еліміздегі алқаптардың жері үлкен. Сол себепті ең тиімді технология қазір осы жаңбырлатып суару жүйесі болып тұр»,- дейді кәсіпорынның негізін қалаушы Ниязәлі Бесенбаев. 

Кәсіпорынның даму кезеңі 3 бөліктен тұрады. Алғашқы кезеңі сәтті аяқталған, қазір  екінші кезеңі жүзеге асырылуда. «Қазір зауыт екі ауысыммен жұмыс істеуде. Үшінші ауысымды құруға мүмкіндіктеріміз бар.  Үшінші кезеңде  «горячий цинкования» дейміз ғой, яғни   мырыштау цехын ашпақпыз. Одан кейін трактор құрастыруды бастаймыз. Біздің өндіріп отырған құрылғымыз ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болғандықтан біз осы саланың барлық құрал-жабдықтарын құрастырып шығарғымыз келеді. Қазіргі таңда өзіміз егін егіп  бастап жатырмыз. Себебі біз өзімізден алған тәжірибені болашақта фермерлерге беретін боламыз»,- дейді Ниязәлі Бейсенбаев.  

 Су үнемдеу демекші, ел басшысы  «Turan Su» мекемесінің қызметімен де  танысты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.

ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 - 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, биыл Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын жаңадан 22 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспар 69 % орындалды немесе су үнемдеу технологиялары 15 591 гектарға орналастырылған. Оның ішінде, 9 563 гектарға тамшылатып, 6 028 гектарға жаңбырлатып суару технологиялары ендірілген. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жалпы облыста су үнемдеу технологияларын қосымша 8391 гектарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 23 982 гектарға ендіріліп, жоспар артығымен орындалады деп күтілуде.

Су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналының» ұзындығы 59 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн текше метр су үнемделді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, 31 млн текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер