Құмар ойынға бәс тігіп, өміріңді өксітпе

Жасыратын несі бар, бұған дейін құмар ойындардың шырмауына түсіп, казино мен букмекерлік компаниялардың жұмысын «жандандырып» жүргендер жөнінде аз жазылған жоқ. 

Screenshot_36.jpg

Тіпті, биыл Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес шараларын қамтитын құжатты әзірлеу барысы талқыланды. Ал, Парламент Мәжілісінің комитет отырысында лоторея және лоторея қызметі туралы заң жобасы таныстырылды. Лудоманияға тосқауыл қоюды көздейтін заң жобасына сәйкес, ойындарға бәс тігу жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі деп көрсетілген. «Шын мәнінде, мұның бәрі ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін дерттің алдын алу үшін қолға алынған шаралардың бірі» дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов. 

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің елде соғыс жалыны шарпымаған бірде-бір отбасы жоқ», деп сол шақта ел басына түскен бұл нәубетті шебер сипаттай білді. Ал, ел аман, жұрт тыныш бүгінгідей бейбіт заманда құмар ойындардың тұзағына түспеген жастарымыз кемде-кем екені ешкімге де құпия емес. Ендеше, көптеген жанды материалдық шығынға ұшыратып, рухани тұрғыда әбден азғындатқан лудомания дертін емдеу жолдары қандай? Дертіне шипа іздеп келгендердің емделіп шыққаннан кейін қайта құмар ойындарға салынбасына кім кепіл? Психологтардан құрылған арнайы орталықтың қажеттілігі бар ма? Біз бүгінгі ой-толғауымызда лудомандарды емдейтін орталықтардың жұмысын сөз етпекпіз. 

– Рас, бүгінгі таңда Астана және Алматы сынды тұрғыны көп қалаларда букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналғандарды емдейтін орталықтар бар. Онда арнайы психологтармен қатар бір кездері өзі де бәс тігіп, басын тауға да, тасқа да соққан жандар қызмет етеді екен. Олардың сөзінше, лудоманияға шалдыққандар бір-бірін сөзсіз түсініп, жан сырымен бөліседі. Осылайша, «азартниктер» ата-ана мен туған бауырларына, достарына айта алмаған сөздерін соларға айтып, бүкпесіз әңгіме-дүкен құрады. Жарайды делік. Түсінісіп, құпияңды ашқаннан бір жеңілдеп қаларсың. Алайда, одан құмар ойыншыға да, қоғамға да қандай пайда бар? Сөз жоқ, ойнап көрем деп от басқан жандардың бәрін білімсіз, ақылсыз деуге болмайды. Олардың ішінде бір басына жететін байлығы бар адамдар да, жоғары білімді, өмір көрген жандар да бар екенін көріп жүрміз. Десе де, олар дер кезінде өз-өзін тоқтатпай, біртіндеп бүкіл дүние-мүлкін, көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатып, ақшасын құмар ойынның «құдығына» құйған.

Осындайда Хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын жыр жолдары еске түседі. Біз бұған дейін бұл өлеңді тек ғылым-білім тақырыбын қозғаған шығарма деп түсінгеніміз рас. Ал, қазір мағынасына үңіліп қарасақ, ол жерде қазіргі лудомания проблемасы ашық айтылғанын анық көруге болады. «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге...» Бұл жердегі ақынның «құмарланып шаттану», «ойнап босқа күлу», «бекер мал шашу» деп отырғаны – бүгінгі ойынқұмарлық кеселін дөп басып тұрғаны ақиқат. Шын мәнінде, лудомандарды емдеу – аса қиын процесс. Тіпті, мамандар алты айдан бастап бірнеше жылға созылатын процесс барысында емделушінің өзімен ғана емес, оның отбасы мүшелерімен де тиісті жұмыстар жүргізеді. Бірақ, осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99 пайыз емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді. Мұны арнайы орталықтарда қызмет ететін мамандар да растайды, - дейді Жарқынбек Құлбайымбетов. 

Бастысы, лудоманиядан арылу және емделу үшін ең алдымен сол адамның өз қалауы мен еркі болуы керек. Оның үстіне, жас шағыңызда нәпсіңізді тыймасаңыз, қартайғанда шамаңыз келмейтінін ұмытпаған жөн. Қысқасы, «кез келген заң тармақтары оны бұзу үшін жазылған» дейтін түсініктен арылмайтындардың мәселесі өздері түзелмейінше шешілмейді.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мал ұрлығына қатысты жаза қатаңдатылды
  • Жол – қателікті кешірмейді
  • Студент есірткі заттарына қарсы акцияға қатысты
  • Ойын құмарлыққа көз жұма қарауға болмайды
  • Өтірік айтып ақпарат тарату оңай, бірақ жазасы ауыр
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер