Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында интернет алаяқтарымен күресті күшейтуді тапсырды.
«Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», - дейді президент Жолдауында.
Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, бүгінгі күні құқық қорғау органдары жаңа алаяқтық түрінен сақтану керектігін айтып, Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. «Президентіміз «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» өткен Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деп, Үкіметке интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Себебі елімізде интернет-алаяқтардың құрығына ілініп, сан соғып қалғандар күн өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2021 жылдан бастап интернет-алаяқтық статистикасын бөлек жүргізе бастады. Комитеттің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы интернет-алаяқтық фактілері 2020 жылғымен салыстырғанда 50,5 пайызға ұлғайып, 21405-ге жеткен. Ал 2022 жылы 3,9 пайызға азайып, 20 569 болған. 2023 жылы интернет-алаяқтар 21777 қылмыс жасаған екен. Сондай-ақ өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 9 545 адам интернет-алаяқтардың арбауына түссе, биылғы сәйкес кезеңде көрсеткіш 4 пайызға артып, 9 936 адам ғаламтордағы көзге көрінбейтін қылмыскерлерден жапа жеккен.Сондай-ақ комитет мамандарының айтуынша, Астана қаласының тұрғындары интернет-алаяқтардың шабуылына жиі ұшырайды екен. 2024 жылдың 6 айында Астанада 2 204 интернет-алаяқтық дерегі тіркеліпті, - дейді Алмас Мырзахметов.
Бас прокуратура интернет-алаяқтық қылмыстарды ашудың төмен болуының негізгі себептері – интернет-алаяқтар көрші мемлекеттердің аумағынан əрекет ететіндігі, алаяқтық əдістерін жасанды интеллектті пайдалану жəне «дроппер» деп аталатын дәнекер адамдарды қосу арқылы үздіксіз жетілдіретіні, бақыланбайтын СИП-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын заңсыз пайдаланатындығы, отандық СИМ-карталарды еш кедергісіз сатып алатындығы және азаматтардың жеке деректеріне оңай қол жеткізетіндігі деп санайды.
Ал ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың сөзіне сүйенсек, бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түріне айналған.
– Жалпы интернет-алаяқтық бүкіл әлемде, әсіресе ең технологиялық дамыған мемлекеттерде кең таралған. Азаматтарға кредиттер мен қарыздарды ресімдеуге, сондай-ақ олардың банктік жинақтарын ұрлауға байланысты интернет-алаяқтықтың көпшілігін «шетелдік қылмыскерлер» жасайды. Олар жақын және алыс шетелдерде тұрақты орналасқан «Call-орталықтар» қағидаты бойынша жұмыс істейтін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына кіреді. Әсіресе қазір алаяқтық схемаларға тарту тәсілдері түрленіп жатыр. Мәселен, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жеңіл табыс туралы хабарландырулар жиі орналастырылатын болған. Содан соң телегей теңіздің толқыны секілді тасып келетін табысты алу үшін карта нөмірін сұрайды. Көмек қолын созуға «әзір» алаяқтар сенімге көзсіз сенетіндерді бұдан кейін өз атына карта мен абоненттік нөмір ашуға үгіттейді.
Үміттері ақталып жатса, осындай әрекеттерге басқа адамдарды тартуды ұсынып, өзгелердің де өзі секілді тірнектеп еңбек етпей-ақ, саусақтың ұшын жыбырлатып қана табыстың кілтін иемденуге шақырады. Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақша алу үшін пайдаланады. Мұндай кезде карта үшін біржолғы төлем жүргізіледі, не оған криптовалюта биржалары, халықаралық аударым жүйелері арқылы басқа адамдарға аудару қажет ақша түседі. Мұндай қызметтер үшін жалпы сомадан белгілі бір пайыздарды, әдетте 3-тен 10 пайызға дейін қалдыру ұсынылады. Осылайша адамдар заңсыз өндірілген ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырудың алаяқтық схемаларына тартылып, өздері қылмысқа қатысады. Интернет-алаяқтарға қарсы тұру үшін елімізде «Киберпол» жобасы енгізілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылды және барлық өңірлер бойынша масштабталды, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Ғаламтор дамыған бүгінгі заманда алаяқ біткен оңай олжаға кенелудің түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтқан болатын. «Мен бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде», - деді Мемлекет басшысы. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдында алаяқтықтың кез келген түріне ымырасыз күрес жүргізу міндеті тұр. Ал қылмысқа қарсы күрестің ең тиімді тәсілі – оның алдын алу, яғни түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы халықты сақтандыру.
- Соңғы кездегі ақпараттар легіне көз тастасақ, тек зейнеткерлер ғана емес, орта жастағы азаматтар да алаяқтардың құрбаны болатынын байқаймыз. Ал Түркістан облысының полициясы алаяқтардың арбауына түсуге жол бермейтін қарапайым ережелерді көпшілікке түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары күмән тудыратын сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтерді (ЖСН, IBAN, CCV) ешкімге бермеу керектігін ескертеді. Қала тұрғындары арасында таратқан полиция жадынамасында төлем картаға бөгде біреулерден ақша түссе және басқа шотқа аударуды өтінсе дереу банктің Call-орталығына немесе құқық қорғау органдарына хабарлау керектігі айтылған. Биыл Түркістан облысының Сайрам ауданында мынадай оқиға болды. Аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап келеді. Өзі айтқандай, телефонына біреу хабарласып, «sim-картасының» мерзімі өткенін хабарлаған. Әлгінің сөзіне сенген ер адам, нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтқан. Телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келе бастағанда, тексеріп беру үшін бірден полицияға жүгінген.
Бақылап-өткізу бекетінде тұрған полицей Арнұр Шалқар дереу тексергенде, әлгі тұрғынның атынан әлдекімнің несие алуға әрекет жасап жатқанын көреді. Ол әбжіл қимылдап, тұрғынның ұялы телефонынан «eGov» мобильді қосымшасы арқылы 6 ай мерзімге ерікті түрде несие алудан бас тарту деген бөлігін белгілейді. Сөйтіп тұрғынның ақшасы өзінде қалады. Осындай жағдай Түркістан қаласында болған. Онда да полиция қызметкеріне бір тұрғын дәл сондай шағыммен келеді. Бірақ оның атынан белгісіз біреу 1 миллион теңге несие алып қойғаны белгілі болады. Тағы бірнеше банкке несиеге өтінім жіберілгенін байқаған полиция қызметкері бұл ер адамның да телефонынан несие алудан бас тарту функциясын басып, бұғаттап береді.
Жоғарыда айтылғандай, алаяқтардың жолын кесу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізудің пайдасы зор. Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлері интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында, адамдар көп шоғырланатын орындарда жадынамалар таратады. Қаладағы базарлар мен автовокзалдарда болып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мәселен, интернет алаяқтық қылмысының алдын алу мақсатында полицейлері бір айда 3000 хабарландыру парақшаларын іліп, адам көп шоғырланатын орындарда 10000 жадынама таратты, - дейді Алмас Мырзахметов.
Осы орайда интернет-алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керектігін, қандай сақтық шараларын есте ұстау қажеттігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қаперіңізде болсын:
Интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Желіде отырып-ақ зат сатып алуға, жұмыс істеуге, көңіл көтеруге және танысуға болады. Виртуалды өмірдің көп артықшылығын интернет пайдаланушыларды алдаудың жаңа әдістерін ойлап табатын қаскүнемдердің жаңа алаяқтық қылмыстары бүлдіріп жүр. Ең жиі кездесетін жағдайларға тоқталсақ, біріншіден, сізге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырып, сіздің картаңыздан рұқсат етілмеген төлем жасалғанын және ақшаңызды сақтап қалу үшін оларды басқа шотқа аудару немесе төлем картаңыздың деректемелерін айтып беруді талап етті ме? Олай болса, ешқашан қаржы шоттарыңыздың деректемелерін үшінші адамға айтпаңыз. Есіңізде болсын, банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ондай мәліметтерді еш уақытта телефон арқылы сұрастырмайды. Екіншіден, сіз көлік ұтып алғаныңыз туралы электронды хабарлама алдыңыз ба және сізден сыйлық алу үшін ақша аударуды сұрады ма? Мұндай жағдайда ешқашан бейтаныс адамдардың электрондық шотына ақша жібермеңіз. Есіңізде болсын, ұтыс ойынына қатыспай жүлдені ұтып алу ықтималдылығы төмен болады, ал қаскүнемдердің анонимді электрондық әмиянына аударылған ақшаны қайтару ықтималдығы одан да азаяды.
Үшіншіден, сіз интернет-дүкеннен жаңа ұялы телефон, ноутбук немесе фотоаппаратты өте арзан бағамен сатып алуға шешім қабылдадыңыз, бірақ дүкен алдын ала төлем аударуды сұрап жатыр ма? Мұндай сәтте ешқашан электронды әмияндар мен ұялы телефон шоттарына ақша аудармаңыз. Есіңізде болсын, егер сізден тауарға ақы төлеуді экспресс-төлем терминалдары арқылы жіберуді немесе ақшаны электронды әмиянға аударуды сұраса, алаяқтарға тап болуыңыздың ықтималдығы өте жоғары.Төртіншіден, сіз ашықхатты, әуендерді, суреттерді немесе бағдарламаларды жүктеуге сілтемесі бар хабарламаны алдыңыз ба? Ендеше, ешқашан хабарлама арқылы келген сілтеме бойынша өтпеңіз. Есіңізде болсын, сілтемені басу арқылы сіз өзіңіз білмей, телефонға вирусты кіргізе аласыз немесе ақылы қызметтерге жазылуыңыз мүмкін. Хабарлама сіз білетін адамнан келген болса, оның жіберуші екеніне толығымен көз жеткізіңіз.
Сақтанудың 5 тәсілі:
Төлем карталарының құпия деректерін жария етпеу (құпия сөз, PIN-код, CVV/CVC коды (картаның артқы жағындағы үш сан), картаның жарамдылық мерзімі, мобильді немесе интернет-банкингтің логині мен паролі, банктен sms арқылы алынған код (sms-код); Интернеттегі қауіпсіздікті сақтау, әлеуметтік желіде құпия деректерді бөліспеу (ақша аударымы деректері, құжаттардың суреті, чектер, түбіртектер, sms-кодтар, парольдер, банк картасының деректемелері (CVV, қолданылу мерзімі), электрондық пошталардағы немесе хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу);Төлем картасын көзден таса қылмау (барлық операцияларға жеке қатысу, төлем картасын басқа адамдарға бермеу); Интернеттен зат сатып алу кезінде абай болу (онлайн-банкингте сатып алу лимитін белгілеу, интернетте сатып алу үшін бөлек карта жасау, жалақы картасын пайдаланбау); Банктің ескертулеріне құлақ асу (банктің ақшаны есептен шығару туралы хабарламаларын қадағалау, егер сіз ақша жұмсамасаңыз, бірақ сізге ақша жұмсағаныңыз туралы хабарлама келсе, бұл туралы дереу банктің Cаll-орталығына хабарлау және картаны уақытша бұғаттау).