Есірткі қылмысына қарсы жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елде заң мен тәртіп идеологиясын тереңірек орнықтыру қажет екеніне көптің назарын аударды. Шындығына келгенде бүгінгі күні есірткі жасөспірімдер арасында етек алып бара жатқаны жасырын емес. 

Screenshot_19.jpg

Осы ретте Президент: «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев онымен күресті күшейтуді тапсырды.

Президент тапсырмасына сәйкес есірткімен күрес шаралары Түркістан қаласында барынша қолға алынған. Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, Түркістанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2024 жылдың 9 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 629 деректі анықтаған. Оның 35-і есірткі сату, 67-сі заңсыз егу, 10 жайты аса ірі көлемде есірткі сақтау. Сондай-ақ 1 есірткі лабораториясының жұмысына тосқауыл қойылған. 

- Есірткімен күрес бір ғана Түркістан қаласында емес, облыс республика көлемінде жүргізілуде. Аймақта жалпы заңсыз айналымнан 250 килограмнан астам марихуана мен 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Мәселен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы бойында «Форд» автокөлігі тоқтатылып, Шымкент қаласының тұрғынынан 79 килограмм кептірілген марихуана тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Есірткі жарнамалау, граффити жазулары бойынша 8 дерек тіркеліп, есірткі жарнамалаушы 94 ақпараттық сайт бұғатталды. ҚР ІІМ-нің тікұшағымен есірткі алқаптарында әуемен барлау жұмыстары жүргізіліп, 63 дерек анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жалғасуда. Өкініштісі, бүгінгі күні нашақорлық жасөспірімдер арасында да кең етек жайып барады. Мектеп оқушыларының синтетикалық есірткі заттарын пайдалануы, есірткі заттарын бір жерден екінші жерге ақы ала отырып жеткізумен айналысуы өте өзекті мәселеге айналды. Ұлт ұрпағының лас тірлікке араласуы, олардың азғындық жолға түсуі жақсы қылық емес. Сондықтан жастарды теріс жолға жетелейтін осындай келеңсіздікпен күресуде өңірдің құқық қорғау органдары мен ата-аналар, ұстаздар тізе қоса қимылдауы керек. Жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі мен олардың курьер ретінде қызмет етуінің артында есірткі бизнесі тұрғаны анық, - дейді ол.

Түркістан қалалық полиция басқармасы ата-аналарды күнделікті балалардың бос уақытын қадағалауға шақырады және оларға есірткі курьерлері ретінде жалдану қаупі төніп тұрғаны туралы ескертеді. Жыл басынан бері түркістандық полицейлер соңы өлімге апаратын қоспаларды сататын жүзге тарта сайтты анықтапты. Дилерлер интернеттің көмегімен синтетикалық есірткі заттарын бір жерге жасырын қойып кету арқылы есірткі саудалаудың алушыға тікелей байланыссыз тарату әдісін қолдануға көшкен. Олар тауарларды алып, белгіленген орынға қалдырып кетеді екен. Дилерлер жұмысшы ретінде тез және оңай ақша тапқысы келетін жастарды таңдайды. Мұндай жұмысты атқаруға тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардан шыққан балалармен қатар, бай-бағланның перзенттері де келіседі. Соңғылар үшін бұл квест секілді ойынның немесе уақыт өткізудің бір түрі.

- Мұның соңы іс жүзінде кінәлілердің темір торға тоғытылуымен аяқталады. Осы жылдың 5 айында облыста бірнеше есірткі қойып кетуші ұсталып, олардан бір килограмға жуық синтетикалық есірткі тәркіленіпті. Көп жағдайда жаз, күз, қыс және көктемгі демалыс кезінде оқушылар, студенттер мен қалаға қонаққа келген туыстар қиын емес жұмыс тауып, қосымша ақшаға кенелгісі келеді. Ата-аналарды балалардың күмәнді немесе күрт өзгерген мінез-құлқына уақытында назар аударуға шақырамыз, – дейді Алмас Мырзахметов. 

Есірткі тасумен айналысатын жасөспірімді анықтаудың белгілерінің бірі – баланың кешкі уақытта бейсауат жүруі. Әдетте синтетикалық есірткі заттарын қоюшылар күніне қаланың әр түкпірінде 15-20 жасырын орын қалдырады. Есірткілерді қалдырудың ең көп таралған орындары – тұрғын үйлердің кіреберістері, орындықтар, электр қалқандары, ойын алаңдары мен гүлзарлар. Бұл орындардағы фотосуреттер «жұмыс берушіге» жіберу үшін есірткі қоюшылардың телефонында сақталады. Мұны жүзеге асыруға арналған құрылғылардың сан түрі бар. Мәселен, бекіткіші бар пакеттер мен скотчтар осы құрал түріне жатады. Сондай-ақ оларда магниттер болады. Оны тұтынушы өнімді кез келген металл құрылымынан шешіп алу үшін керек. Әр ата-ана баламен биткоин тақырыбында сөйлесуі қажет. Көбінесе төлемді криптовалютада алатыны іштей зерделенуі тиіс. Егер ақшаның қалай пайда болғанын айтуды қаламайтын немесе түсіндіргісі келмейтін бала болса, онда оның ісіне жедел назар аудару керек.

– Сондай-ақ есірткіні жасырын қоюшыны анықтауда оның қорқынышы күдік тудырады. Олар өздерін әдеттегідей емес, тым асығыс немесе керісінше күмәнді баяу ұстайды. Өздерінің хоббиіне деген қызығушылықтарын жоғалтады, көбінесе агрессивтілік танытады. Сондықтан біз ата-аналардан балаларының мінез-құлқындағы өзгерістерді мұқият бақылауды сұраймыз, – дейді Алмас Мырзахметов.

Баланың айнасы – ата-ана. Сондықтан жасөспіріммен қатар, ата-ана өз-өзін тәрбиелеп, баланы жақсы ортада өсіруі қажет. Әсіресе жеткіншектерді кешкі сағат 22:00-ден кейін көшеге шығармай, қадағалаудың маңызы зор. 

Жалпы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қалалық және барлық аудандық полиция бөліністеріндегі ювеналдық полиция тобының инспекторларымен бірге күнделікті облыс жастары, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мен нашақорлықты болдырмау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Биылғы 3 айда 33580 мектеп оқушысы мен студенттер және жастар арасында 143 профилактикалық іс-шарасы мен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер