Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қарабұлақ ауылында қазіргі таңда 53 мыңнан астам халық бар. Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, мәселені түбегейлі шешу проблемасы тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген болатын.
Бүгінгі таңда «Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, су резервуарларының қоршау, су ұңғысын қазу және су құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен іске асырылғаннан кейін ауыл тұрғындары ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарындағы құқық қоғау органдарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда өңірлердегі саяси қоғамдық ахуалдың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер пысықталды. Жиында өзекті мәселерді шешу, оларды алдын алу бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Мұнан соң Ертай Кенжебекұлы Қарабұлақ ауылының мәдениет үйінде болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1977 жылы салынған ауылдық мәдениет үйінің тозығы жетіп, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жауаптыларға ғимарат құрылысы үшін сметалық құжаттамаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Ауданға жасаған жұмыс сапары Қарабұлақ ауылында орналасқан №41 Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінде жалғасып, мектептің ахуалы ортаға салынды. 1968 жылы 904 оқушы орынға арналып салынған мектепте бүгінде 1 428 оқушы білім алуда. Мектептің тозығы жетуіне байланысты техникалық қорытынды алынған. Егер ескі ғимарат бұзылса орын тапшылығымен 3 ауысымға өту қаупі туындайды.
Бұл мәселені шешу мақсатында мектепке қосымша 500 орындық оқу корпусын салу үшін сметалық құжат әзірленген. Облыс әкімінің орынбасары мәселені арнайы хаттамаға түсіріп, бақылауға алынатынын жеткізді.