Өркениетті қоғам негізі - білімді ұрпақ. Білімді азаматтар көбейген кезде мемлекет дамиды. Барлық салада алға шығып, халықтың әл-ауқаты артады. Бәсекеге қабілетті мемлекет - дамыған мемлекет. Сондықтан да балаларға сапалы білім беруге жағдай жасау өте маңызды.
Осы орайда Бүгін Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Қосбұлақ жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жаңа мектептің ашылуына аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков қатысып, оқушыларды 1 қыркүйек білім күнімен құттықтап, салтанатты түрде лентасын қиды. Аталған мектептің бірінші сынып оқушыларына әліппені табыс етті.
150 оқушыға арналған Қосбұлақ мектебінде 30 мұғалім сабақ береді. Заманауи үлгіде соғылған екі қабатты білім ордасында мультимедия, лингафон, информатика, 30 оқушыға арналған оқу залы бар кітапхана, 70 орындық асхана, спорт зал, тігін, ағаш және темір өңдейтін шеберхана, аспазшылар дайындайтын және басқа да пән кабинеттері қарастырылған. Үш мейірбике бөлмесі жұмыс жасайды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Жаңа оқу жылына Бәйдібек ауданындағы 50 мектепте 12-мыңнан астам оқушы білім алады. Аудан бойынша 1800-ге жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.