«Жолда қабылдау» акциясында 1100-ден астам тұрғынның мәселесі тыңдалды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жолда қабылдау» акциясының екінші күнінде Түркістан облысы ПД-нің Азаматтарды қабылдау кеңсесіне Салтанат Бағланова есімді тұрғын келіп, жол белгілеріне қатысты сұрағын қойды. Жас қыздың айтуынша: «Мен облыс орталығындағы Төлеби көшесінің тұрғынымын. Біздің көшедегі балабақша жанына жасанды жол белгісін орнату керек. Өйткені кейбір жүргізушілер көліктерінің жылдамдығын шектен тыс асырып жүреді, былайша айтқанда балалар үшін қауіпті» деген ұсынысын білдірді. Бұл бойынша Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Жалпыға ортақ мәселе бойынша жанашырлық танытып келгеніңіз үшін үлкен рақмет! Бұл мәселе бойынша тұрғындар атынан жазбаша ұсыныс беріңіз. Соның негізінде аталмыш көшеге толыққанды тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Зерделеу кезінде қандай да бір кемшіліктер орын алса, жаңадан жол белгілерін орнату қажет болса, әкімдіктегі осыған жауапты мекемеге ұсыным береміз. Мақұлданып, тиісті қаржы бөлінсе, тұрғындардың өтініші орындалмақ»,-деп жауап берді.
Ал Ажар Насырхан есімді тұрғын, өзіне жүргізуші куәлігін алудың жолдарын сұрап, полицейлер тарапынан құқықтық кеңес алды. Мұнымен қоса облыс бойынша полицияға 2 күн ішінде 1127 тұрғын келіп, сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Департамент парақшасында тікелей эфирлер ұйымдастырылып, желі қолданушылары тарапынан келіп түскен мәселелер де назардан тыс қалмады. Жалпы тұрғындар үшін қолайлы акция аясында біршама азаматтармен кері байланыс орнап, ашық сұхбат өрбіді. Ескерте кетсек, аталған акция ендігі кезекте ай сайын өткізілмек.