Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстанның бірнеше қалаларында туристік полиция құрылған болатын. Соның ішінде киелі Түркістан шаһары да бар. Қазіргі таңда Түркістандағы туристік полиция бөлімшесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде орналасқан. Қазақ хандығының бір кездері астанасы болған, 1500 жылдан астам тарихты қойнауында сақтап, неше алуан дәуірлерді өткерген ежелгі Шавғар, қазіргі Түркістан шетел азаматтарын таңқалдырмай қоймас. Түркістан облыс орталығына айналғалы бері мұнда келушілердің саны күрт өсіп, тамашалайтын көрікті жерлер де көбейе түсті. Ал туристердің қауіпсіздігі, олардың қала ішінде емін-еркін серуендеп, осы жердің тарихымен толық танысуына ыңғай жасау полицейлердің қызметі болып саналады. Осыған орай туристік аймақтарда арнайы қызмет көрсететін полицейлер мен «SOS» батырмасы іске қосылды. Білім деңгейі өте жоғары, бірнеше тілде еркін сөйлейтін мұндай тәжірибелі туристік полицейлердің санын көбейтуге барынша тырысып жатырмыз. Мәселен үкіметтің қолдауымен ағымдағы жылда туристік полицейлер саны 2 есеге артатын болады. Оған қоса оларға арнайы қозғалуға ыңғайлы, электрокарлар бөлінген. Сол арқылы көмекке мұқтаж туристке жедел түрде жетеді. Бұған қоса қызметкерлер бейнежетон, планшеттермен қамтамасыз етілген.
Өткен жылы Түркістан облысында ашылған Халықаралық туризм және меймандастық университетімен бірге өткен жылдан бастап тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Яғни 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын жалпы Қазақстан бойынша деңгейін арттыру бағдарламасы, соның аясында қолға алынған жоба «Түркістан облысындағы жалпы полиция қызметкерлерінің туристік қабілетін жоғарылату» бойынша полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін түркістандық тәртіп сақшылары білім ордасының мамандарынан дәріс алуда.
Жалпы бүгінгі уақытта заман талабына сай облыс орталығы киелі Түркістан қаласы туризмді түлетуде жан-жақтан келген қонақтарды қабылдап, тарихи ескерткіштер мен тарихымызды таныстыруда. Сондықтан елдің дамуы үшін ең қажетті салалардың бірі туризм мықтап қолға алынуы қажет.
Алдағы уақытта полицейлер туристерге қызмет көрсеткенде өздерінің білім біліктіліктерін пайдаланып, Түркістан майталман мамандардың арқасында туризмнің ортасына айналмақ. Себебі қаланың өзіне ғана емес облыс аумағындағы тарихта аты алтын әріппен жазылған әйгілі «Отырар» көне қалашығын, 300 жыл өмір сүріп, осы өлкенің топыраған жастанған Арыстан Бабтың кесенесін, қаншама жыл өтіп сәнін жоғалтса да, мәнін жоғалтпаған Сауран қалашығын аралаушылар жылдан-жылға арта түсуде. Біз туристік полициямен нені дәлелдейміз. Біріншіден туристер қауіпсіз аймақтарға сапар шеккенді құп көреді және мұндай қолайлы мекенге жиі саяхаттап тұрады. Екіншіден туристік полицияның дербес жұмысы тек қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де сеніміне ие болып, өзге елдерде қазақстандық сақшыларға деген оң көзқарас қалыптасады. Біздің алға қойған мақсат та осы айтылған нәтижелерге қол жеткізу.
Айдана Алтышева,
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасө қызметі.