2020 жылдан бастап, есірткі қылмысына қарсы жаза күшейді. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлеріне де артылатын жүк орасан зор. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында белең алған есірткі затының бірі трамадол. Бұл жерде әркімді мазалайтын бір сұрақ бар. Трамадол дәрі ме әлде есірткі ме? Иә әрине бұл таблеткалар онкологиялық ауруға қарсы препарат ретінде дәріханаларда арнайы нұсқаулық бойынша сатылады. Алайда бей-берекетсіз сатылуының салдарынан аталған дәріге жасөспірімдер арасында тәуелділік күшейіп барады. Көрші мемлекеттерде әсіресе Ресей, Өзбекстан елдерінде трамадол есірткі тізіміне енген. Бізде де қатаң бақылау жүргізілуде.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен үнемі кездесу өткізіп, аймақтағы мәселелерге баса назар аударып жүргені бәрімізге мәлім. Соңғы кездесуі жақында ғана Келес ауданының тұрғындарымен өтті. Шара барысында тұрғындар облыс әкіміне аудан аумағында сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сатумен айналысатын азамат бар екендігін айтып, шағымданған болатын. Бұл ақпаратқа сәйкес дереу шешім қабылданды. Тәжірибелі қызметкерлерден жедел топ құрылып, Келес ауданына іссапармен шықты. Тексеру жүргізіп, куәлардан жауап алған полицейлер заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысатын азаматтың мекен-жайын анықтады. Бұған қоса ол тұрғындардың біріне 10 пластина «трамадол» дәрісін үйінде сатып жатқан жерінен ұсталды. Үй ішінен сатуға дайындалып қойылған тағы 35 дана пластина «трамадол» дәрісі табылды. Қазіргі таңда бұл жайтқа қатысты іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.
-Мен Түркістанға қызметке келгеннен соң жұмыс жоспарымның алдыңғы тізімінде есірткі қылмысы тұрған болатын. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасайтын департаментте тәжірибелі қызметкерлер бар. Содан оларға бұл бойынша іс-шара өткізуге тапсырма да жүктедім. Олар «Дәрмек» деп аталатын рейдтік іс-шарасын ұйымдастырып, осыған сәйкес дәріханалар мен қоймаларға, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен емдеу-профилактикалық мекемелеріне дейін тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, облыс аумағынан заңсыз айналымдағы 201 грамм есірткі заттары, 30 таблеткалы, 1009 аспулалы психотроптық дәрі-дәрмектер, ал прекурсорлардың 1 тонна 51 литрі тәркіленді. Мұндай іс-шараны жақында тағы да қолға алмақпын,-дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов.
Түркістан облысында көбіне есірткіге ұқсас өсімдіктерді үй ауласында егу белең алған. Әсіресе көкнәр өсімдігін өсіретіндер көбейіп кеткен. Күні кеше Келес ауданында егістігіне құрамында есірткісі бар көкнәрдің 900-ге жуық түбін өсірген әйел ұсталған болатын. Заң алдында әйел, ер деп бөлінбейді. Бәріне жаза бірдей. Мұндай есірткі затын емін-еркін өсіріп сатуға тыйым салынғандығы күніне қаншама рет ескертіліп жатыр. Сондықтан полицейлер кім болса да міндетті түрде заң алдында жауап беретіндігін ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.