Қылмыстың аты қашанда қылмыс. Кез-келген қылмыскерге лайықты жаза бар. Елімізде әлі де болса сыбайластықпен күрес тоқтамай тұр. Біздің жұмысымыз сыбайлас-жемқорлық жайттарын ашып, әшкерелеу болғанымен негізгі міндет мұндай ауызжаластықты болдырмау, мүлдем жоқ қылу. Себебі бұл да жұқпалы ауру сияқты індет, тез етек алып, тез жайылады. Дер кезінде тосқауыл қоймаса, үлкен проблемаға айналып кетуі мүмкін. Жалғыз біз емес әлем елдерінің жартысынан астамы бұл індетпен әлі күнге дейін күресіп келеді. Жақында ғана Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Түркістанға арнайы іссапармен келіп осы мәселе төңірегінде жиналыс өткізді. Ол: «Полиция – ел сенімін ақтап, елге адал қызмет ету үшін бірінші кезекте халықтың жағдайын жасап, қамқоршы да жанашыр болуы керек. Басты мақсат сол! Сыбайлас жемқорлықты жасамақ түгілі, мүлде ойға алмауымыз шарт. Жемқорлыққа жол берген қызметкерге жаза қатаң. Осыны естен шығармаңыздар»,-деп Түркістандық полицейлерге қатаң ескерту жасады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерімен бұл бағытта сақшыларға арнайы дәріс өткізіп, тұрақты байланыс жасап отырамыз. Полицей-халық сенімінің айнасы. Егер ел алдында мемлекет статусын көтеремін деп жүрген тәртіп сақшысы жемқорлыққа бой алдырса, басқалардан не күтуге болады? Сондықтан бәрін өзімізден бастауымыз керек. Ішкі істер органына да ауызжаластықпен келген емес, мықты мамандар қажет. Сол үшін де мен кадр саясатына «ашық есік» күнін өткізуді мықтап тапсырғанмын. Ол конкурстардың заңға сай өтуі өз бақылауымда. Себебі көзінен от ұшқындап, елге адал қызмет етуге дайынмын деген қолында дипломы бар, тамыр-танысы жоқ жастарға барынша мүмкіндік жасағым келеді. Адал еңбекпен адал нан тапқан полицей құқық қорғау органын алға ғана сүйрейтін қабілетке ие. Сөйтіп біздегі демократияда да өз дегеніне жетеді. «Адалдық ардың ісі, Ауырлықты көтеру нардың ісі, Жақсы іске жан сүйсінер» деп ата-бабамыз бұл туралы әлдеқашан дәлме-дәл айтып кеткен. Сыбайластықпен күресте тек жазалау шараларымен ғана шектелмей, идеологиялық, рухани жаңғыртуларды жандандыруымыз керек. Арына кір келтіргісі келмеген жан ызалы жерді баспауға дағдыланады.Жемқорлық деген елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, әр саланың өсіп-өркендеуін тежеп тастайтын үлкен кесапат. Мұндай жұқпалы дертті дәрімен де емдей алмайсың. Бұны жеңу әрбір қызметкердің, әрбір ел азаматының өз қолында.
Бекжан Асанов,
Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.