XXI ғасырдағы жастар арасында белең алып тұрған дерттің бірі -нашақорлық. Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп, адамның ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт те, кесел де күшейе түсетiні анық. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсақ осындай ем қонбайтын кеселдi дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.
Жалпы, нашақорлық (грек тілінде narcomania – құмарту) есірткі заттарына паталогиялық құмарлық болып табылады. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар да аз емес. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтып қана қоймай, өзінің адамгершілік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылып, мамандық ала алмайды және қоршаған ортасына, өзіне зиян келтіреді.
Есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату; психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту. Қарастырылып отырған проблема жайлы жасөспірімдердің білім деңгейін анықтау. Есірткіні қолданудың себептері мен салдары және іс-әрекеттердің мүмкін стратегиясы туралы нақты ақпарат беру мақсатында Отырар аудандық орталық ауруханасы жанынан құрылған «ЖасҰя» Жастар денсаулық орталығының мамандары ауданымыздағы білім ордалары мен ұйымдарға барып арнайы жиындар өткізуде.
Нашақорлықтың қалыптасуының екі негізі бар. Оның бірі отбасының қалыптастырған жеке тұлғаның спецификалық белгілері болса, екіншісі – сыртқы факторлар, әлеуметтік ортаның ықпалы, есірткінің сәнге айналуы, қиыншылықтар.
Нашақорлықтың негізі туралы тағы бір ерекше көзқарасты атап өтуге болады. Оның авторлары нашақорлық пен маскүнемдіктің негізі адамның ішкі нашақорлық жүйесіндегі «ауру» ретінде түсіндіреді. Бұл теория бойынша жануарлардың ағзасы сияқты адамның ағзасында табиғи ішкі есірткі деп аталатын заттарды өндіретін ішкі нашақорлық жүйе бар. Олар ағзаны аурудан, стресстен сақтайды, жақсы көңіл күйді, жұмысқа қабілеттілікті, ұйқыны қалыпта ұстайды. Ішкі есірткілердің өңделуі төмендегенде (мысалы: ауру немесе стресстен соң) депрессия басталады. Өмірге қызығушылығы жоғалады, көңіл-күйі өзгереді, өзін нашар сезінеді, ұйқысыздық пайда болады. Мұндай жағдайда адам ішкі есірткілердің қорғауынсыз қалады және әр түрлі себептермен теріс жолға түсіп кетуі мүмкін. Ішімдік, есірткі заттары ағзаға ішкі есірткілер сияқты әсер етеді. Бұлар жасанды есірткілер деп аталады. Уақытша рахаттану сезімін тудыра отырып, олар адам ағзасының нашақорлық жүйесін төмендетеді. Нашақор есірткі қабылдамаған жағдайда оның ағзасы ішкі есірткілдердің қорғануынсыз қалады және соның әсерінен депрессия, «сындыру» синдромы басталады. Өзін қалыпқа келтіру үшін адам жасанды есірткі қабылдауға мәжбүр болады.
Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл.
Тағы бір мәселе ол есірткіге тәуелділік. Есірткі тұтынуды тоқтатуға болмайтын құмарлық:
- Есірткінің мөлшерін үнемі үстемелеудің қажеттілігі;
- Есірткілер болмағанда психикалық және тәндік қолайсыздықтың пайда болуы;
- Өмірге деген қызығушылықтың төмендеуінің өршуі (ештеңемен әуестенбеу, мектеп, жанұя өміріне, достарға, құрдастарға қызықпау);
- Зиянды зардаптарын біле тұра, есірткі тұтынуды жалғастыру;
- Тұтынатын есірткілердің мөлшерін және оны пайдалануға байланысты ахуалды бақылау қабілетін жоғалту.
Есірткілерді бір-ақ рет пайдалану есірткіні бір рет дәмін татқаннан кейін, тағы да тұтынуға құмарлық пайда болуымен, психикалық тәуелділіктің даму мүмкіндігімен, мөлшерден артық тұтынумен, есірткілік заттарға аллергиялық реакциялардың дамуымен, есірткіні қан тамыры арқылы тұтынғанда, ЖҚТБ жұқтырудың нақты мүмкіндігімен, есірткіге әуестік бүкіл өмір бойына сақталу мүмкіндігімен қауіпті саналады.
Нашақорлықты емдеу ауру адамның және туған-туыстарының зор күш-жігерін, медицина қызметкерлерінің биік кәсіби дәрежесін, көп қаражат шығындарын қажет ететін ұзақ, күрделі, көп сатылы процесс. Бірлі-жарымды адамдар ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады, яғни дерттен айығады.
Есірткілік заттарға әуестену бір ғана тәсілмен – есірткіні ешқашан, бір ретте татпау арқылы құтылуға болатын қатерлі, қалыпқа келтірілмейтін қауіп.
Балалар мен жасөспірімдердің девианттық тәртіп формалары тәрізді нашақорлықтың негізгі себептерінің арасында бірінші орындардың бірі отбасындағы келеңсіз көріністер, ата-аналардың спирттік ішімдіктерге немесе нашақорлыққа салынуы, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жанұя мүшелері арасында көтеріңкі көңіл-күй қатынастарының болмауы, жанұяда әкенің немесе шешенің болмауы, психоактивті заттарға оңай қол жеткізу, жасөспірімдердің бос уақытын өткізу мен қолы бос болмауының нақты бағдарламасының жоқтығы сияқты әлеуміттік факторлар үлесінде. Жиі жағдайларда есірткілер қоғамдық орындарда: мектептерде, дискотекаларда, кафелерде, көшелерде, саябақтарда, есірткілерді таратушылар мен сатушылардың пәтерлерінде алынады. Кез-келген есірткіні қолданғанда:
- терісінің ағаруы;
- ұйқысының бұзылуы (мүлдем ұйықтамау немесе тым ұзақ ұйықтау);
- тәбеттің бұзылуы (тәбеттің болмауы немесе үйге оралған соң, оның кенет көтерілуі, шамадан артық шөлдеу);
- сөйлеу мәнерінің өзгеруі («шұбатылған» баяу сөз);
- көздің қарашығы көлемінің өзгеруі (көз қарашығының кенеттен үлкеюі немесе түйреуіш басының көлеміндей тарылуы);
- баланың терісінен және киімдерінен өзгеше иістің шығуы;
- қозғалу координациясының бұзылуы байқалады.
Ал, балалардан мынадай өзгерістер байқалады:
- жан жағындағы оқиғаларға бейтараптық;
- үйде болмау, мектептегі сабақтарға бармау, оқу үлгерімінің төмендеуі;
- есте сақтау қабылетінің төмендеуі;
- сынағанды көтере алмау;
- себепсіз кенеттен баланың көңіл-күйінің ауытқулары;
- ақша сұрау, ақшаның жоқтығына көнбеу;
- үйден бағалы заттар, киім мен ақшаның жоғалуы;
- белгісіз адамдармен жиі телефон арқылы сөйлесу.
Нашақорлықпен күресу барысында есірткіге қарсы күрес бөлімдерінде қызметкерлердің санын көбейту қажет. Өйткені саусақпен санарлық топқа есірткі бизнесі дес береді деуге сену қиын. Есірткіні анықтап, ұстап тауып алатын құрал-саймандар, техникалармен есірткіге қарсы күрес топтарының толық қамтамасыз етілуі керек.
Есірткінің зардабын тартып асқындырған адамның бүкіл психикасы бұзылады. Біріншіден, жүйке жүйесін бірден уландырады, елітіп, еліртіп жібереді, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады. Ол ойламаған қылмыстарға итермелейді, нашақор ашуланшақ, шамшыл келеді. Осы кезде тағы да түрлі елестер пайда болады, яғни, ақырын ғана шыққан дыбыс нашақорға тау құлап жатқандай болып естіледі, алдында жатқан бір тал шыбық бөрене боп, тау төбе болып елестейді демек адамның аңғару, ойлау қабілеті нашарлап, бос сандырақтайды, бос күлетін болады. Зейін алаңдаушылығы көбейіп, қимылы тежеледі.
Нашақор әйелдерде түгелдей дерлік жыныс мүшесінің жұмысы бәсеңдейді, яғни, жатырларының еттері әлсірейді, сонымен қатар етеккірлерінің келуі де бұзылады (кейде ерте, кейде кеш). Ал нашақор әйел екіқабат болса, көптеген жағдайда түсік болады немесе олардан дімкәс кемтар балалар дүниеге келеді. Ер адамдарда да жыныс мүшесінің қызметі нашарлайды. Оларды ештеңе қызықтырмайды. Осы себепті өз жандарын өздері аямайды. Бір инені бір-біріне беріп, жалғастырып сала береді. Бұл түрлі жұқпалы ауруларға (тері ауруларына, жұқпалы жыныс ауруларына, өкпе қабылуына) әкеп соқтырады.
Ата-аналарға айтарымыз, төмендегі заттар мен балаңыздан өзгерістер байқасаңыздар, тез арада медициналық көмектер беру керек.
Инъекция үшін бейімделу – шприц, ине, жгут, бөтелкелердің қақпақтары.
Қандай да бір химиялық заттар – реактивтер, препараттар, сұйық заттар, әсіресе еріткіш заттар, тұрмыстық және техникалық химия құралдары, тыныстауға, иіскеуге арнайы заттардың болуы (бетперде, түтікшелер).
Тұтас өсімдік немесе оның бөліктері, ұсақталғандары (гүлдің басы, жапырақ).
Әр түрлі форма мен әр түрлі түстегі таблеткалар (әсіресе 714 нөмірінде штампалы), ампулалар, пластиктік пакеттегі кез-келген түстегі ұнтақ, емдік препараттың басқа да формалары.
Химиялық препараттарды тазалайтын құрал-жабдықтардың болуы, марлядан, бинттен жасалған қоңыр түсті еріткіш сіңірілген сүзгі.
Көздің астындағы қызарған ісік, мұрын жақтарының гиперемиясы, саусақтардың көгеруі, киім мен қолдағы дақтар, шаштан, теріден, киімнен спецификалық химиялық заттардың шығуы.
Теріде иньекция іздерінің қалуы – жекелей және көптеп, жаңадан және бұрынғы іздердің қолда, иықта болуы.
Қалтадағы ұсақ тұқымдар, синтетикалық материалдар, күйген шөптің иісімен араласқан дым.
Метанол иісі бар қораптағы петрушка
Нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – ол сенің өмірің. Сенің өмірің – ол өз қолыңда!
Н.ОРАЗОВ,
Отырар аудандық орталық ауруханасы
«Жас Ұя»жастар денсаулық орталығының меңгерушісі