Түлкібас аудандық сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сай, талап қоюшы «Г» жауапкер Түлкібас ауданы әкімдігіне рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс қарау барысында, жауапкер өкілі (Әкімшілік қызметкері) сотқа айқын құрметтемеушілік білдіріп, соттың талабын - процестік міндеттерін орындамай, өзінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап, іс бойынша мән-жайларды нақты көрсетпей, қажетті құжаттарды сотқа ұсынбай, қарсы пікірінде жауапкер қатарынан алып тастауды сұрап, әкімшілік істі қараудың созылуына жағдай жасап, істің қаралуына кедергі келтірген.
Сот ұйғарымымен, Түлкібас ауданы әкімінің аппараты заң бөлімшесінің бас маманы республикалық бюджет пайдасына 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 61 260 (алпыс бір мың екі жүз алпыс) теңге ақшалай өндіру жазасы тағайындалды.
Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» жаңадан қолданысқа енген болатын.
Жаңа кодекске сай, мемлекеттік орган немесе квазисектор өкілдері тек жауапкер болып табылады. Жеке тұлғаның мүддесі қорғалған сот шешімі орындалмаса, жауап беруші тараптардан 100 айлық-есептік көрсеткішке дейін мөлшерінде қаржы өндіріледі.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі