Темекі тарту өліммен аяқталатын көптеген аурулардың асқынуының басты себебі. ДДСҰ (дүниежүзілік денсаудық сақтау ұйымы) статистикасына жүгінсек, бүкіл әлемде жыл сайын темекі тартудан 6 миллионға жуық адам қайтыс болады. Темекі тартудың қауіптілігін әсірелеп жіберу мүмкін емес. Темекі түтіні организмге енген кезде ағзалар мен жүйелердің көпшілігінің жай-күйі үшін жауапты жүйкелік импульстердің ырғағы бұзылады. Темекі тартудың кесірінен көптеген ақаулар пайда болады.
Темекі түтінінің құрамында қандай заттар бар?
Сигарет – бұл темекі жапырағы мен қағаздан жасалатын еш залалы жоқ ойыншық емес. Ол бықсып жанған кезде 4 мыңнан аса қатерлі химиялық заттар бөлініп шығады. Дәл сол заттар темекі тартқан кезде ағзаға ең басты нұқсанды келтіреді.
Темекі түтінімен бірге сіз мыналарды да жұтасыз:
- шайыр – қатты бөлшектер қоспасы. Олардың көбі канцероген болып табылады, сондай-ақ олар өкпеге шөгіп, сіңіп қалады;
- күшала – темекі құрамындағы ең залалды химиялық элемент. Жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етіп, обыр ісіктерінің дамуын өршітеді;
- бензол – органикалық жолмен пайда болатын улы химиялық қосылыс. Лейкозды және обырдың басқа да түрлерін қоздырады;
- полоний – радиоактивті элемент. Организмге іштен радиациялық зиянын тигізіп отырады;
- формальдегид – улы химиялық зат. Өкпе мен тыныс жолдарының ауруларының себепкері;
- басқа да заттар – темекі түтінімен бірге жұтылатын зиянды қосылыстар қантамырлар жүйесі арқылы бүкіл организмді жайлап, ішкі ағзаларға көп нұқсан келтіреді.
Темекі тартудың адам ағзасына әсері
Өкпе мен тыныс жолдары
Темекі тартудың негізгі зиянын тыныс алу жүйесі қабылдайды, өйткені темекі түтіні ең алдымен сол жүйеге енеді. Залалды заттар тыныс жолдарының тіндерін зақымдайды, түтіктердің түгінің жұмысын баяулатып жібереді. Шайырлар өкпенің альвеолдарына тұрып қалып, газ алмасу ауданын тарылтады. Азот тотығы кеңірдек тарамын (бронх) тарылтып, тыныс алуды айтарлықтай қиындатып жібереді. Иіс газы, аммиак және цианды сутегі улы заттардың тыныс жолдардан шығарылуын қиындатады. Нәтижесінде жұтылатын барлық заттар мен микроорганизмдер өкпе тіндеріне тұрып қалады да, ол жерден қанға сіңіп, одан қан арқылы бүткіл организмге тарап кетеді де, көптеген ауруларды қоздырады.
Жүрек пен қан тамырлары
Никотин тамырларды тарылта береді де, бұл ақыр соңында аяқ-қолдағы ұсақ капиллярлардың жансыздануына апарып соғады. Иіс газы (СО — көміртегі тотығы) тамырларда қордаланып, қан айналымын бәсеңдетеді, ал гемоглобинмен байланысқа түсіп, гипоксия күйін — оттегі жетіспеушілігін қоздырады. Адреналин секрециясының артуы қан қысымын жоғарылатып, жүректің жиырылу жиілігін үдетіп жібереді. Темекі тартудың бұндай салдары жалпы хал-жағдайды, белсенділік пен жұмысқа қабылеттілікті нашарлатып қана қоймай, организмдегі барлық ағзалар мен жүйелерге де залалын тигізеді. Оның үстіне темекі тарту қан ұйығының (тромб), инфаркттің және инсульттің пайда болу қаупін арттыратын қандағы холестеринді көбейтіп жібереді.
Темекінің кесірінен пайда болатын аурулар:
Обыр. Бронхылардың, өкпенің, кеңірдектің, көмейдің, өңештің, қуықтың және ұйқы безінің онкологиялық ауруларға шалдығуы темекіге әуестіктің ең жаман салдары. Бұған қоса бүйрекке, ұрпақ жалғау ағзаларына, және қан өндіру жүйелеріне зияны тиеді.
Жүрек-қан тамырлары аурулары. Бұл жүректің ишемиялық ауруы, Бюргер ауруы, перифериялық тамырлардың функциясының бұзылуы, инсульттар, тромбоздар және т.б. ауру түрлері темекі тартудың салдарынан болады.
Ас қорыту ағзаларының патологиялары. Темекі тарту тоқ ішекке түймешік (полип), асқазан мен аш ішекке жара шығару, гастритке, гастродуоденитке шалдықтыру арқылы асқазан-ішек жолына да зиянын тигізеді.
Тыныс алу жүйесінің аурулары. Темекі тарту бронхиалды демікпе, созылмалы ринит, туберкулез, өкпенің обструктивті ауруы және бронхит ауруларын қоздырып, олардың ауыру барысын ауырлатып жібереді, сонымен қатар тыныс жолдарының жіті ауруы мен тұмаумен ауыру жиілігін арттырады.
Ауыз қуысы аурулары. Темекі тарту салдарынан тіс кіреукесі (эмаль) сарғайып қана кетпейді, сондай-ақ некротикалық жара гингивиті, пародонтит, шырышты қабықтың онкологиялық кеселі сияқты дерттерге шалдықтыруы мүмкін.
Тірек-қозғалыс аппаратының бүлінуі. Темекі тарту адамның сүйек қаңқасына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Ол сіңір мен сіңір байламдарының, сонымен қатар бұлшықет ұлпаларының жай-күйіне жаман әсер етеді. Темекінің кесірінен организмде кальцийдің сіңірілуі нашарлайды, остеопороз дамиды, сүйектердің сыну жиілігі және ревматоидті артритке шалдығу ықтималдығы көбейеді.
Көз аурулары. Темекі тартудың қауіптілігі макулярлық дистрофия (көз торының зақымдануы), нистагм (көз алмасының аномалды қозғалысы), темекі амблиопиясы (көз болатынан айырылу), диабеттік ретинопатия (қант диабетімен ауырғанда көз торының тамырларының зақымдануы), суқараңғылық (катаракта) және т.б. патологияларды қоздыруында.
Өсіп-өну жүйесінің аурулары. Темекі тарту жыныс ағзалары үшін де зиянды. Оның әйелдерде ең көп кездесетін салдары етеккір дисфункциясы, ұрықтылықтың кемуі, ановуляторлық циклдар, ерте келетін менопауза болады. Темекі тартудан ерлердің денсаулығына аз зиян келіп жатқан жоқ. Оларда ұрықтылықтың кемуі, эректильді дисфункция, шәуеттегі сперматозоидтар санының азаюы, олардың сапасы мен ширақтығының нашарлауы байқалады.
Басқа да аурулар. Темекі тартудың организмге келтіретін залалды әсері өте ауқымды.
Темекі тартқыштар жоғарыда айтылып өткен патологиялардан басқа ІІ типті қант диабетіне, депрессияға, шашыраңқы склерозға, есту қабылетінің нашарлауына және басқа кеселдерге шалдығуы мүмкін. Темекінің миға беретін зияндары. Темекі шегетіндердің ми тамырларының бітелуі немесе миға қан кетуі салдарындағы өлім саны, темекі шекпейтіндерге қарағанда екі есе көп. Темекі шегуге әдеттенгендердің есте сақтау қабілетінің нашарлауы, склероз дертіне шалдығу қауіпі жоғары. Англиядағы медицина маманы профессор Салли Дэвис: «Темекінің жүрек пен өкпеге беретін зияндарын көпшілігіміз білеміз. Бірақ темекі шегетіндер темекі түтіні арқылы қанға араласатын зиянды заттардың ми және басқа да маңызды мүшелерде жол ашатын ақауларды саналы түрде ұғына білуі қажет.
Темекі мезгілсіз өлімдердің басты себебі. Темекі шегетін әр екі адамның бірі темекіге қатысты туындайтын ауру кесірінен ерте көз жұмады.
Егер темекіні тастасаңыз:
- 24 сағаттан кейін жүрек талмасы қаупі азаяды.
- 2 күннен кейін дәм мен иіс сезу жағдайы әдеттегі адамдамен теңеседі.
- 3 күннен кейін тыныс алу қалыпты жағдайға жетеді.
- 3 айдан кейін өкпе әдеттегіден 30 пайыз артық жұмыс жасайды.
- 1 жылдан кейін жүрек ауыру қаупі 50 пайызға азаяды.
- 10 жылдан кейін өкпе рагіне шалдығу қаупі темекі шекпеген адамдікмен теңеседі.
- 15 жылдан кейін жүрек пен қан қысымы ешқашан темекі шекпеген адамдармен бірдей болады.
Салауатты өмір салтын ұстанайық!
Ш.КОЖАКОВА,
дәрігер.