Түркістан облысында тұрғынның ұялы телефонын күштеп тартып алған күдікті анықталды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оған қала көшелерінің бірінде түнгі уақытта белгісіз біреулер шабуыл жасап, құны 100 мың теңге тұратын "Самсунг" ұялы телефонын тартып алған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркелді. Оқиға орнына түркістандық полицейлер шықты.
Күдіктіні ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары куәлардан жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жедел шаралардың нәтижесінде тонау қылмысына қатысы бар 3 бірдей күдікті азамат қолға түсті. Олар жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Анықталғандай сезіктілер сол сәтте жәбірленушінің мас халде болғанын көріп, өз арам ойларын жүзеге асырған.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және ұялы телефондарды қараусыз қалдырмауды ұсынады. Егер, сіз, тонаудың немесе бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.