Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде Түркістан қалалық соты Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзге және осы бөлімнің бас маман - бухгалтері Салтанат Матибаеваға қатысты айыптау үкімін шығарды. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот үкімімен Н.Жаманкөзге 73,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, С.Матибаеваға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен белгіленді.
Сот сондай-ақ, сотталғандарды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырды.
Сотталушылар Түркістан қаласының Отырар шағын ауданында сыртқы желілерді төсеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен ЖШС өкілінен 1,1 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
С.Матибаеваға қатысты сот үкімнің орындалуы ҚР ҚК 74 - бабына сәйкес, кәмелет жасына толмаған балаларының болуына байланысты 5 жылға дейін кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.