Ордабасылық полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 20-дан астам шетел азаматын анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының ІІМ мен Түркістан облысы ПД нұсқауына сәйкес, осы жылдың қыркүйек айының 12-30 аралығында «Жалдамалы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты - облыс аумағындағы шетелдіктерді тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау болып табылады.
Осы орайда Ордабасы АПБ көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен тиісті рейдтік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде Ордабасы ауданында ҚР ӘҚБтК-нің талаптарын бұзған жалпы 24 шетел азаматы анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігімен «Заңсыз жұмыс жасағаны үшін» іс-құжаттар жинақталды.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 1-бөлігімен «Шетел азаматтарын белгіленген мерзім ішінде уақытша тіркеуге қоймағаны үшін»-4, 519-баптың 1-бөлігімен «Шетел азаматтарын заңсыз жұмыс күшіне пайдаланғаны үшін»-5 әкімшілік хаттама толтырылды.