Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жүйелі жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында дронның көмегімен жол ережесін өрескел бұзған 22 жүргізуші анықталып, 1 миллионнан астам айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспаөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысында жол апаттарының алдын алуда біршама рейдтік-профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, Сарыағаш ауданына қарасты республикалық маңызы бар «Сарыағаш-Жібек жолы» тас жолы бойында полицейлер дрон кешенді жүйесін пайдалана отырып, жұмыстар жасады.
Әуеге ұшырылған бейнебақылау құрылғысының назарына жол ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер ілінді. Нәтижесінде 1 тәулік ішінде 22 жүргізуші анықталып, оларға шара көрілді. Яғни жүргізушілерге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекснің 596-бабы 2-бөлігі «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу» бойынша 22 хаттама толтырылды.
Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне қарсы қозғалыс жолағына шықпау керектігі ескертілді. Бұл рейдтік-профилактикалық шара облыстың авариялық-қауіпті учаскелерінде алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Аталмыш шара жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң септігін тигізеді.