Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасында қарастырылған басым бағыттардың бірі – есірткіге қарсы күрес жүргізу. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар нәтижесін беруде. Соның бірі – ірі көлемде есірткі еккен егде жастағы ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспаөз қызметі хабарлады.
Нақтырақ айтсақ, полицейлерге Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Ақпарат алысымен тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрылды. Полицейлер жан-жақты жұмыс жүргізіп, ақпарат жинақтады.
Соның нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Егде жастағы ер адамның үйіне тінту жүргізу кезінде, үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктер табылды. Осылайша сезіктіден айғақты зат ретінде 2720 түп өсімдік тәркіленіп, олар сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты.
Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" басталды.
Оқиғаның толық мән-жайын анықтаған полицейлер, істі айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.
Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 54 жастағы ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.