Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы ұйымдастырылды. Полицейлер зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тұрғындарға үгіт-насихат жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы барсысында Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкері полиция лейтенанты Забира Абылайқызы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда зорлық-зомбылыққа ұшырамаудың алдын алу, болдырмау бойынша кеңестер берілді.
Сонымен қатар құқық қорғау саласы зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғайтынын, олар үшін арнайы ұйымдар бар екендігін де ескертті. Тәртіп сақшылары кездесуге келген әйелдерге «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясына қатысты брошюралар таратты.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тұрғындарға үгіт-насихат жүргізу Тқлеби ауданында да жүргізілді. Төлеби аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Ақмарал Амантайқызы Боташева «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тиісті мамандар адам көп шоғырланатын орындарға барып, тұрғындармен сөйлесіп, түсіндіріп брошюралар таратты.
Төлебилік полицейлер күш қолдану, ұрып-соғу, намысқа тию, қоғамнан оқшаулау секілді зорлыққа душар болған жағдайда не істеу керектігі жайлы айтып өтті. Тұрғындардың сұрақтарына тұщымды жауап беріп, кеңестерімен бөлісті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасындағы еліміздің басым міндеттерінің бірі. Кез-келген жағдайда жәбір көрсеткен адам заң алдында жауап береді. Сондықтан егер, сіз, отбасында зорлық-зомбылық көрсеңіз немесе басқа адамның осы жағдайға тап болғанынан хабардар болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.