«Мемлекеттен 10 миллион теңге жәрдемақы алып беремін» деген алаяқ әйел анықталды. Түркістан полициясына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде арызданды. Оған сырттай танысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны алып беретінін айтқан. Бұл қызметі үшін 3 миллион 600 мың теңге ақшасын алып, екі айдай өтірік айтып алдап келген. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары хабар түсісімен бірден іске кірісті. Күдіктіні табу үшін жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде, алаяқтық жайтына қатысы бар жұмыссыз әйелді анықтады.
Белгілі болғандай күдікті әйел өз арам ойын іске асыру үшін танысына кәсіпкерлерге берілетін қомақты ақша алып беремін деген жалған уәдеге сендіріп, ақшасын алған. Осыдан соң уәде орындалмай, не ақша қайтарылмай екі ай бойы жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған. Бүгінде күдікті әйелге қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарды және қонақтарды барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады.