Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері 6 дана тіркелмеген қаруды анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша ағымдағы жылдың 1-қазанынан 1-қарашасына дейін Түркістан облысының аумағында полицейлер "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Шараның мақсаты қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің визит карточкаларын бере отырып, пәтерлерді және аулаларды аралауда, жалға берілетін пәтерлерді, базарларды және басқа да сауда орындарын, көңіл көтеру орындарын, қолайсыз отбасыларды, профилактикалық есепте тұрған адамдарды және тұрғылықты жері бойынша азаматтық қару иелерін тексеруде.
Мәселен, тәртіп сақшылары "Учаске" шарасы кезінде 344 мың 426 пәтерді, 259 мың 784 жеке үйді аралап тексерді. Аулалар мен үйлерді аралау барысында, 276 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы жоқ 16 адам анықталып, оның 8-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды.
Аталмыш профилактикалық шараның 25 күнінде полицейлер 6 бірлік заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруды тәркіледі.
Бұдан басқа учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 646 ұсыныстар енгізілді. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабымен 450-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін жалғасады және оны өткізуге түсіністікпен қарауды сұрайды.