Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейлері жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық жасаған ер адамды анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп сендірген. Содан жәбірленушіден 160 мың теңге алып, не жүргізуші куәлігін алып бермей, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде күдіктіні анықтап, басқармаға жеткізді. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ол жалған уәде беріп, тұрғыннан алған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді.