Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген он жобаның бірі – «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыруды көздеген Түркістан облысының полицейі хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұрғынды тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол үйінде жүрген мүмкіндігі шектеулі 46 жастағы әпкесінің белгісіз бағытқа шығып кеткенін және қайта оралмағанын көрсеткен. Содан жәбірленушілер өз беттерінше іздеуден нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.
Аталған жайт бойынша Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Айбек Пернебек Сәдуақасұлы жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде бір тәулік ішінде жоғалған әйел табылып, отбасына қайтарылды.
Анықталғандай күндізгі уақытта орта жастағы әйел үйінен шығып кетіп, көше бойында жүрген. Сондай-ақ полицейлер әйелдің түн ортасы болғанда көршісінің үйіне ескертпестен кіріп қонғанын анықтады. Жоғалған әйелдің туыстары полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Белгісіз бағытта үйден шығып кеткен туыс әпкемді тауып берген полиция қызметкерлеріне және полиция қызметкері Айбекке алғысымды айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін!»- деп өз ризашылығын білдірді.