Балалар жылына орай, көркем және анимациялық фильмдерді насихаттау мақсатында «Балаларға базарлық» апталығы ұйымдастырылып келеді. Бүлдіршіндердің саналы ой-өрісінің дамуы жолында отандық мультфильмдердің орыны ерекше.Осындай мақсатта «М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде кинокөрсетілім өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес.
Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.
Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді.
Мәдени сала бойынша биыл балаларға арналған ауыз толтырып айтатын жаңалықтар аз емес болмады. Мысалы, қазір 1 миллионнан астам баланы қамтитын 6 ірі жоба іске асырылып жатыр.
Алдағы уақытта министрліктің бастамасымен 5 үлкен жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Ал аталған оқу ордасында 100 білім алушы «САҚ» киностудиясының туындысы «Тоқты мен Серке», «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмдерін тамашалады.
Балалар жылына орай мекеме жоспарына сәйкес «Ұлттық кино» жобасы өз жұмысын жалғастыра бермек. Айта кетсек, жыл соңына дейін облысымыздың өзге де орталықтары мен мектеп, балабақшаларында көрсетілетін болады.