Облыс орталығында Түркістан облысы мәдениет басқармасы «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» орталығында қазақтың дәулескер күйші қызы Дина Нұрпейісованың шығармашылық жолы мен өміріне негізделген тарихи туындының шығармашылық тобымен кездесу өтті. Аталмыш шараға аталған фильмнің режиссері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, аниматор Батырхан Дәуренбеков және сценарий авторы, драматург, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы драмалық театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек және киелі қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынды Түркістан облысының құрметті азаматы, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы ашып берді. Қазақ өнерінің көркем туындысы күйді дәріптеп, жастарға үлгі ету борышымыз.
Бұл тарихи драмалық туынды күй өнерінің қаншалықты нәзік, өміршең құбылыс екендігін көрсетіп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап төл өнерімізді, ұлтымыздың асыл қазыналарын көптеп насихаттап, үлгі етіп келеміз. Дина Нұрпейісованың әрбір шығармашылығында еліміздің мұңы мен қуанышы бар. Өзіндік орны бар туындылары маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттала берсін» деген ниетін білдірді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы сөз кезегінде:
– Құрманғазының тәлімін алып, қазақ күй өнерінің символына айналған Дина Нұрпейісованың бейнесі осы туынды арқылы қазақ көрермендеріне тағы да жақындай түсті деп айта аламыз. Өңіріміздегі кино, анимация саласын дамытуға күш салып келе жатқан дарынды режиссер Батырхан Қалдарбекұлының бұл туындысы ұлт руханиятына қосқан зор үлес деп бағалаймыз», – деді.