2022 жылдың қазан айының 17-23 күндері аралығында Турция мемлекеті, Анталия қаласында Унифайт жекпе-жек спорт түрінен «Әлем кубогы» болып өтті. Жекпе-жекке әлемнің 15 мемлекетінен 200-ге жуық спортшы қатысқан жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының
намысын қорғап Кентау қаласының спортшылары шықты. Нәтижесінде жерлестеріміз қаламыздың қоржынын жеңіспен толықтырды.
65 келі салмақта күресіп жеңімпаз атанған спортшымыз - Нұрбек Нұрбаев. Еліміздің мәртебесін асқақтатып жүрген спортшы қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Дене шынықтыру және спорт фкултетінің ІІ- курсында оқиды, оқумен қатар Кентау қалалық Б.Саттарханов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәжірибелі бапкер Қанат Аргимбаевтың тобында самбо, дзюдо, қазақ күрестерін қатар меңгеріп бірнеше рет облыс жеңімпазы, Республикалық турнирлерде жеңімпаз жүлдегер атанған белді спортшы.
Сонымен қатар, 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Кентау қаласының мақтанышы және Кентау спорт клубының дзюдо күресінің жаттықтырушысы Ерболат Тасболат «Әлем кубогінің» күміс жүлдегері атанса, Бақ-Нұр спорт мектебінің дзюдо күресінің жаттықтырушысы Бағдат Иса - 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, «Әлем кубогінің» қола жүлдегері атанды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Денсаулық кілті – дене шынықтыру. Бұқаралық спортқа, балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен құрылуын қамтамасыз етуі керек» деген
еді. Осы орайда Түркістан облысында жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты өркендету бағытында тындырымды тірліктер атқарылып келеді. Президент тапсырмасының негізінде сондай-ақ облыстың аймақтарында заманауи спорттық нысандар көптеп бой көтеруде.