Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы 2015 жылдан бері еліміз бойынша ұлттық мектеп лигасын өткізіп келеді.
Жалпы, лига төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік іріктеулер, аудандық немесе қалалық додалар, облыстық кезеңдер және қорытынды республикалық жарыстар. 2022-2023 оқу жылында ұлттық мектеп лигасына бірқатар жаңалық енгізілді. Биылдан бастап лига аясында шахматтан да жарыстар ұйымдастырылуда.
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында биылғы лига жарыстарының өз деңгейінде өтуіне жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Жақында осы аудандағы мектептердің 5–6-сыныптарында оқитын ұл балалардан жасақталған баскетбол командалары арасында аудандық жарыс ұйымдастырылды. Ұлттық мектеп лигасы аясында өткен жарыста Ленгірдегі №1 мектеп-гимназияның командасы І, Алатау жалпы орта мектебінің оқушылары ІІ, Бірінші Мамыр жалпы орта мектебінің шәкірттері ІІІ орынға қол жеткізді.
Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері С.Темірбеков: «Жуырда ұлттық мектеп лигасы шеңберінде 9–11-сыныптарда білім алатын қыздар командалары арасында футзалдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Бұл додада І орын Бірінші Мамыр жалпы орта мектебіне, ІІ орын Қаратөбе жалпы орта мектебіне, ІІІ орын Сарқырама жалпы орта мектебіне бұйырды. Бұдан басқа ауданымызда лига асында футболдан, волейболдан, тоғызқұмалақтан, асық атудан, жеңіл атлетикадан да жарыстар өтті» дейді.
Лиганың басты мақсаты жастар арасында салауатты өмір сатын насихаттау мен оқушыларды жастайынан спортқа, дене шынықтыру тәрбиесіне баулу болып табылады. Жастайынан спортпен шынығып өскен баланың дені сау, санасы сергек болып қалыптасатыны белгілі.