Түркістан облысына жасаған сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі “Аделя” жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министр аталған кешенде жылыжай шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлермен және шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Халықты жыл он екі ай көкөніспен қамтып отырған жылыжай шаруашылығының өкілдері газ, электр энергиясы, көмір бағасы арзандатылып берілсе деген ұсыныс білдірді. Тиісінше, шығын азайған жағдайда қызанақ пен қиярды да нарықта арзан бағада саудалауға мүмкіндік туатындығы сөз болды.
Өз кезегінде министр айтылған ұсыныстарды қанағаттандыру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігін жеткізді. Қосымша кейбір шығындарды субсидиялау тетіктерін де қарастыру мәселесі назарға алынды.