Биылғы 10 айда Бәйдібек ауданында 47,9 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілді. Сондай-ақ, аймаққа есепті кезеңде жалпы 18,1 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін 10 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков мәлімдеді.
- Биылғы жылдың 10 айында аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 32,1 млрд. теңгеге жетті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 15 633 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға артты, - деді аудан әкімі.
Аудан аумағында ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланатын жер көлемі 556 171 гектарды құрайды. Жайылым жерлердің нысаналы мақсатында пайдаланылуын зерделеу барысында 199 жер телімі анықталып, хабарлама таратылған. Бұл жерлердің тізімі Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің құзіретіне сәйкес мемлекетке қайтару үшін жолданған.
Облыс тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес, биыл ауданда ортақ жайылым жерлерді кеңейту мақсатында 95 408,57 гектар жайылым жер иелерімен 176 меморандум түзіліп, жоспар артығымен орындалған. Ал, мемлекет меншігіне қайтару жоспары 59,3 мың гектарды құрап, бүгінгі таңда 61 мың гектарға толығымен жүзеге асқан.
Сондай-ақ, мал басын көбейту бойынша ауданда оң өсім бар. Нақтырақ айтқанда ірі қара мал – 65,6 мың бас. Оның ішінде қой - 553,6 мың бас, ешкі – 56,6 мың бас, жылқы – 26,6 мың бас, түйе – 245, құс – 120 мың басқа жетіп отыр.
Инфрақұрылым бойынша Бәйдібек ауданында 17 елдімекен табиғи газбен қамтылған. Олар - Шаян, Шалдар, Жамбыл, Ақбастау, Екпінді, Шыбыт, Боралдай, Тасқұдық, Сарқырама, Ынтымақ, Мыңбұлақ, Қайнарбұлақ, Бестоғай, Мәдениет, Қосбұлақ, Жүзімдік, Ақбұлақ елдімекендері.
Сондай-ақ, 2021-2022 жылдары аралығында 5 ауылды (Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас) табиғи газбен қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, мердігер мекемелер тарапынан құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
- Аудандағы 51 елдімекеннің 43-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудан аумағында жалпы пайдаланымдағы және елдімекендердің ішкі көшелерінің ұзындығы 918,1 шақырымды құрайды. 2021-2022 жылдары аралығында ұзындығы 36 шақырымдық облыстық маңызы бар «Бірлік-Екпінді-Шалдар-Сарқырама-Жолғабас-Кеңес» автомобиль жолына, 15,1 шақырымдық «Шаян-Жамбыл» және 22 шақырымды құрайтын «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ-М32» облыстық автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді», - деді Ержігіт Шәріпбекұлы.
Айта кетсек, биыл аудан аумағында орналасқан 6 елдімекендегі 10 нысанда абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, Бәйдібек ата елдімекеніндегі орталық саябақтың құрылысына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2023 жылға өтпелі. Шаян ауылындағы 1 қабатты 20 үйдің және орталық стадион құрылыстарының жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі