Сайрам ауданының агроөнеркәсіп саласында биылғы жылдың 10 айында 108 млрд теңгеден астам өнім өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артқан. Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков брифингте мәлімдеді.
Биыл «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған» «АLTYN KÚZ -2022» салтанатты мерекесінде Сайрам ауданы «Агроөнеркәсіп кешенін даму көрсеткіштерін орындау» бойынша облыста көш бастаған болатын.
- Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 10 айда 202 млрд теңгеге жетті. Жалпы өнімнің 53%-ы - ауылшаруашылығы саласына тиесілі болса, 24%-ы - өнеркәсіп саласының, ал 5,8%-ы - құрылыс саласының үлесінде. «Бір жерден бір жылда екі рет өнім алу» жобасы биыл 306,2 гектарға жетті. Өңдеу өнеркәсіп саласында 41 млрд теңгенің өнімі шығарылып, облыс бойынша аудан 2-орында, - деді аудан басшысы.
Аудан экономикасына жыл басынан 32,9 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша облыс көлемінде аудан 3-орында тұр.
Инфрақұрылым бойынша, табиғи газбен қамту көрсеткіші 73,8%-ға жеткен. 2023 жылы аудан халқын газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 88%-ға, ал 2024 жылы 100%-ға жеткіземіз деп жоспарланған. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі 1 298,1 шақырым автокөлік жолдардың 59,9%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қазіргі таңда 12 ішкі көше орташа жөндеуден өтіп, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесінде, жыл соңында пайдаланымдағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 61,6%-ға жеткізілмек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі