Кәсіпкерлерге көрсетілер қолдау көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. 

Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» деп атап көрсетті. Мұндағы басты мақсат – елдегі бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оның аясын айтарлықтай кеңейтіп, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Ал аталған үдеден шығу үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын іске асыру – ең өзекті мәселе. Бұл тұрғыда Қазақстандықтарға қалалық жерде де, ауылдық елді мекендерде де 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру, кәсіпкерлерге кепілдік жасай отырып және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану арқылы қаржылық сауаттылыққа үйретудің маңыздылығы айрықша.

Жалпы, Сауран ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 2 мың 73 субъект тiркелген екен. Оның iшiнде белсендi жұмыс істеген шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң саны 2 мың 29-ды құрап, көрсеткіш 97,8 пайызға жеткен. Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков ауданда бизнеске қолайлы орта қалыптастырумен қатар мемлекет атарапынан жүйелі қолдау көрсетілуінің арқасында биыл шағын және орта бизнес саны 5 мың 37-тен асқанын айтады.

– Кәсіпкерлік ел экономикасының маңызды саласы болғандықтан кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіп аясын кеңейткісі келгендерге қолдау көрсету мемлекетіміз жүргізіп отырған саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлердің «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасы аясында 100, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа қатысуына мүмкіндік берілген. Одан бөлек, бизнесін әрі қарай дамыту үшін жеңілдетілген пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы тарапынан кепілдендіру, субсидиялау құралдарын пайдалану арқылы несиелендіру ұсынылған.

Ал, қандайда бір бизнес түрі қызмет көрсету немесе сауда-саттық саласына жататын болса кәсіпкердің кепілсіз 6 пайызбен 5 миллион тенгеге дейін қаражатқа қол жеткізуі қарастырылған, – дейді Ғани Құрмашұлы.

Сонымен қатар ауданда осал топтағы немесе көпбалалы отбасына және жастар санатына жататын азаматтарға қайтарымсыз мемлекеттен қаржы беріліп жатқаны да халықтың кез келген өкілінің кәсіпкерлікпен айналысуына мол мүмкіндік берілгенінің көрінісі екенін айта кетуіміз керек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер