Сауран ауданына қарасты «Яссы» ауылдық округі, «Еңбекші Дихан» елді мекеніндегі «Нұр-Сармат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әбдіманап Абдураззақов істің көзін тапқан адам. Оның егіс алқабында мақтаның тез пісетін, ауруларға және зиянкестерге төзімді, ылғалдылықты онша қажет етпейтін «Сұлтан» сұрпы егілген.
Ташкенттен келген мамандар Бахрам Юсупов пен Нуриддин Халмурадовтар биыл 75 гектар мақталыққа сәуір айынан бастап бағбандық еткен. Кезінде біртегіс өніп шыққан мақта, бүгінде мол өнім бергенін айта кетуіміз керек.
– Биыл жауын-шашын көп болды. Жүйек аралары қатып қалған еді. Бұл мақтаның өсіп-жетілуіне едәуір кері әсерін тигізетін болған соң дер кезінде арнайы шаралар атқардық. Мақта алқабын қол күшімен жұмсартып, басқа да қажетті әдіс-тәсіл қолдандық, – деді өзбекстандық мамандар.
Негізінде облыс орталығы Түркістан қаласында егіс алқаптарындағы науқан уақытында, жиын-терін кезінде бір күнге 7000 теңге ақыға жұмыс беретіндер көп. Бірақ мақталықта жұмыс істеуге ешкімнің ынтасы бола бермейді, – дейді Ә.Абдураззақов.
Мамандар мұндай мәселені шешу жолын қарастырып, «Беларусь» тракторын пайдалану секілді мүмкіндігінше техника көмегіне иек артады екен. «Нұр-Сармат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманының бірі Элмурад Утенов осындай шаруаларды үйлестірумен тікелей айналысыпты. Қысқасы диханның еңбегі мен бейнеті көп. Өткен жылдан бері мақтаның бағасы алдыңғы жылдарға қарағанда өскен. Жұмсалған еңбек пен қаражат қазір бұрыңғыға қарағанда ақталып отыр.
Өзбекстаннан келген мамандар мақтаның «Сұлтан» сұрпы Қашқадаря-Сурхандаря өңірлерінде әр гектарына 75 центнерден өнім беретінін, мақта комбайнда теру үшін қолайлығын, пісіп жетілу мерзімі де ойдағыдай екендігін айтып, осы шаруашылықтағы күтімнің түсімнің деңгейіне оң бағаларын берген болатын. Өткен жыл да«Нұр-Сарматта» мақтаның «Сұлтан» сұрпын егіп, гектарына 40-45 центнерден өнім алса, биыл табыс оған қарағанда ұлғайған. Өнімділікті 2023 жылы да арттыру қарастырылып жатса керек. Ол үшін нитратсыз препараттарды пайдалану қажет. ондай препараттың қазір сан түрі бар көрінеді. Есесіне өнімділік те артып келеді.
Түркістан облысындағы, атап айтсақ Сауран ауданындағы мақташы дихандар мақтаның «Сұлтан» сұрпын өсіруге бүгінде біртіндеп ден қоюда.