Шорнақ ауылдық округінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жәрмеңке өтті. Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатындағы жәрмеңкеге «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қорының өнімдері қойылды.
Бұл үрдіс апта сайын жалғасын табуда. Оған барлық ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тартылған. Олар да күзгі жиған-тергенін делдалсыз өткеруде.
Өткен аптада ұйымдастырылған жәрмеңкеде 5 тонна картоп, 5 тонна пияз, 500 килограм сәбіз, 60 литр күнбағыс майы, 500 килограм ұн, 100 килограм тұз өнімдері қойылды. Бұл бар болғаны тұрақтандыру қорының жәрмеңкге шығарған өнімі. Шаруашылықтар тарапынан қой, сыйыр мен жылқы, құс еті және сүт өнімдері алушылар тарапынан көңілден шықты.
- Азық-түлік бағасының негізсіз өсуін аудан әкімдігі қадағалауда. Жәрмеңкеге қойылған өнімдер базар нарығынан 15-20 пайыз төмен бағада өткерілді. Біз оған қуаныштымыз және бұл жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын тапса екен деген тілегіміз бар, - деді Шорнақ ауылдық округінің тұрғындары.
Жәрмеңкедегі өнімдердің бағасына келетін болсақ, картоп - 100 теңге, пияз - 70 теңге, сәбіз -100 теңге, пісте май литрі - 700 теңге, ұн - 150 теңге, тұз - 42 теңгеден сатылды. Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Болысбек Шәріпбеков әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жәрмеңкесін алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.