Ауданның әлеуеті артып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Түркістан облысы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» 2021 жылдың 12 наурызындағы №534 жарлығымен жаңадан Сауран ауданы құрылды.

Screenshot_19.jpg

Жаңадан құрылған Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елдімекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені.

Сауран ауданының жалпы аумағы 721745 шақырым,  халық  саны  104,235  адам құрайды. ҚР Президентінің 2021 жылғы 12 наурыздағы Жарлығына және ҚР 2001 жылғы қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, Сауран ауданы әкімдігінің жанынан жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 13 мемлекеттік мекеме құрылып, қазіргі таңда өз жұмыстарын атқаруда.

Сауран ауданының басты бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Сауран ауданының ауылшаруашылығы саласындағы басты міндеттерінің бірі Түркістан мен Кентау қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жоспарлы атқарылуда. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік көрсеткіштер көрсетуде.

Сауран ауданында 10 гектар жерге жылыжай салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жоспар 11,14 гектарға, яғни 111,4 пайызға орындалған. 420 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісін енгізу жоспары 488 гектарға жетіп, жоспар 116,2 пайызды құрады. 65 техника жаңаланып, тапсырма 83 пайызға жетіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік беретін жаңа өзгерістер туралы, ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдері жайлы және субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру туралы тұшымды ойлар айтылған болатын. Осы ретте, 938 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару әдісін енгізу жоспарланса тапсырма 980 болып, 104 пайызға орындалды.

«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына» сәйкес, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында 1458 шаруа қожалықты 9 кооперативке біріктіріп, техникамен қамтамасыз ету және 11 мың гектар алқапты жаңбырлатып суару технологиясын ендіру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда, «Шаға» ауыл шаруашылығы кооператив негізінде 1565 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілді. Жалпы жоба аясында құны 28,7 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Аудандағы кәсіпкерлік саласына келетін болса, жалпы ауданда 33 кәсіпорын жұмыс жасауда. Сондай-ақ, аудан құрылғалы бері жеке кәсіпкерлер бірнеше мектеп, балабақша, спорт кешендерін салып, ауданның дамуына үлес қосуда. Қазіргі таңда жаңа аудан жан-жақты бағытта қарқында дамуда.

Сауран ауданындағы «Divalux» жиһаз цехі облыстағы үздік жиһаз цехтерінің қатарына кіреді. 1 күнде 4 тонна пастикалық қалдықты құбырға айналдыратын Оранғай ауылдық округіндегі цех те облыстағы ерекше кәсіпорындардың бірі.

Сауран ауданы аты айтып тұрғандай, тарихқа тұнған аудан. Сондықтан да, ауданды туристік ауданға айналдыру басты назарда. Сауранды туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат – туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.

Сауран ауданында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарамағына кіретін Сауран қалашығы, Жылаған ата үңгірі, Үкаша ата кесенесі сияқты 61 тарихи нысан бар.

Ағымдағы жылы Сауран ауданының 12 ауылдық округтегі 32 елді мекенге жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында балалар алаңы, футбол алаңы, тенис корты және воркаут орнату жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Біразы пайдалануға беріліп, игілігін ел көруде. 

Бүгінгі таңда ауданның алға қойған жоспары көп. Биыл Қосмезгіл елді мекенінен 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Оранғай ауылынан 150 орындық мектепке, Жаңа Иқан ауылдық округі Ибата елді мекенінен 200 орындық мектеп құрылысын салуға бюджетке өтінім берілген. 2024 жылы Яссы ауылдық округі Еңбекші диқан ауылынан, 2025 жылы Қарашық ауылдық округі Құмтүйін ауылы, Шорнақ ауылдық округі Аша ауылы және Ескі Иқан ауылдық округі Ескі Иқан ауылынан мектеп құрылыстары жоспарлануда.

Аудан әкімі Ғани Құрмашұлы елді мекендерде жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге көп көңіл бөлуде. Аудан құрылған алғашқы күндерден бастап 12 ауылдық округті түгел аралап, мәселелеріне қаныққан аудан әкімдігі сол мәселелерді шешу үшін арнайы жол картасын да әзірлеп, жұмыстарды бастап кетті.

Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру мақсатында жүріп жатқан қарқынды жұмыстардың жемісті болуын тілейміз. Сауран ауданының құрылуы тарихи шешім болды. Кентау қаласының құрамында болған 12 ауылдық округтің тұрғындары да жеке аудан құрылғанына шын қуанышты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер