Қарашық ауылдық округінің бірқатар тұрғындары Түркістан қаласына, енді біразы аудан орталығы Шорнаққа қатынап жұмыс істейді. Округке қарасты елді мекендердің де өзекті мәселелері бір-біріне ұқсас. Яғни, интернет байланысының төмендігі, жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқандығы, су тапшылығы, жеке үй салатын жер телімінің жоқтығы.
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қарашықтағы орта мектептің мектептің мәжіліс залында округ тұрғындарымен кездесіп, 2024 жылы Құмтүйін елді мекені мен Қарашық ауылына арнап 600 орындық мектеп салынатынын айтты.
Бұдан үш ай бұрын келіп кездескенінде ауыл тұрғындары тарапынан көтерген сұрақтарға осы жолы толыққанды жауап берілді. Халықтың өтініші негізінде қолға алынған жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.
- Бұрын аудан әкімдері ауыл тұрғындарының хал жағдайын білу үшін емес, өзінің жылдық жоспарды жақсы орындағаны үшін ғана бір көрініп, оның өзінде де, баяндама жасаумен шектелетін. Қазір мүлдем басқаша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әрбір аудан әкімі ел алдында үш ай сайын есеп беріп отырады. Соған орай, осыдан үш ай бұрын маған жолдаған хаттарыңыз, өтініш, шағымдарыңыздың қаншалықты орындалғанына тоқталайын, - деп бастады кезекті есебін Ғани Құрмашұлы.
Тұрғындар мәселе көтергенде айғай-шуға баспай, сабырлы қалыппен өз ойларын жеткізуі тиіс деді аудан әкімі. Мәселен, осыдан үш ай бұрын Жүйнектік Қуаныш Ботабеков жайылым жердің тарылып бара жатқандығы және карьерлердің экологиялық ахуалға кері әсері болып жатқандығы көтерген еді. Осыған орай, әкім биылғы Референдум негізінде жердің асты да, үсті де халықтыкі болып саналатындығын, соған орай аудан әкімдігі мен жер инспекциясы, экологиялық басқарма, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, аудан аумағында заңсыз жұмыс істеп жатқан 22 қиыршық тас карьерінің жұмысын тоқтатқан.
Бүгінгі таңда Сауран ауданы бойынша құрылған Қоғамдастықтардың алдында тұрған мәселенің ең күрделісі, ол Кеңес Одағы құлаған тұста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жайылымдық және суармалы жерлерді кері қайтару болып тұр.
- Бұл жерде мынандай нәрсе бар. Ол кәсіпкер не шаруа қожалығы жерді тиімді пайдаланып салығын уақытында төлеп, халық шаруашылығын дамытуға үлес қосып, ондаған жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырса, оған тиіспейміз. Жайылымдық жерден аздап артылатын болса, ауылдағы тұрғындардың малын бірлесіп жаюға арналған ортақ жайылым етіңіздер. Қоғамдастық кезінде мыңдаған гектар жерді алып, оны пайдаланбай отырғандармен бел шеше күресеміз, - деді аудан әкім.
Қарашық ауылдық округінің тұрғындары кездесуде жол мәселесін көтерді. Аудан әкімі Қарашық ауылынан өтетін облыстық маңызы бар Түркістан-Қарашық-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Құмтүйін елдімекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтеріп, халықты сапалы ауыз сумен қашан қамтамасыз ететінін сұрады.
«Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінен ауыз су ұңғымасын қазуға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан 42 миллион теңге қаралып, 370 метр қазылды. Сонымен қатар, «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қорына геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Жер асты су қоры анықталған соң, ұңғыманы тиісті тереңдікке дейін қазу жұмыстары басталады», - деді аудан әкімі Ғани Рысбеков.
Сонымен қатар Қарашық және Құмтүйін елді мекендерін сапалы электр жүйелерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімі, Қарашық ауылдық округі өткен жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция 197,26 миллион теңгені құрағанын айтты. Бұдан бөлек, Қарашық ауылдық округінде ағымдағы жылы жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кездесуде Ғани Рысбеков «Қарашық ауылдық округі облыс орталығына өте жақын орналасқандықтан болашақта егістік жерлер тарылады. Сол себептен заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты жаңа әдістерді қолға алғандарыңыз тиімді болмақ. Ауыл шаруашылығы саласы ауданымыздағы ең маңызды сала болғандықтан, біз шаруаларға барынша жағдай жасаймыз. Мемлекет тарапынан да субсидияларды шаруаларға қол жетімді ету әрекеттері жасалып жатыр. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ, ауыл айналасындағы жайылым жерлерді ортақ жайылымға қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді», - деді.
Қалай болғанда да, Қарашық ауылдық округінің тұрғындары Түркістан мен Сауран қаласындағы серпінді даму қарқынын өздері көздерімен көріп қана қоймай, қарбалас құрылыстарға бел шеше араласуда. Сауран ауданы әкімінің ашық та еркін форматтағы есебіне округ тұрғындары жоғары баға берді.