Ғалымдармен бірлесе отырып шешетін мәселе көп

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, осыдан үш ай бұрынғы берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.

Screenshot_49.jpg

Сауран ауданында орналасқан басқа да елді мекендер секілді ұқсас өзекті жайлар Жүйнекте де баршылық. Оның ішінде ең өзектісі 2006 жылдан бері тұрғын үй салатын жер телімінің берілмеуі.

Ауыл әкімінің айтуынша, Жүйнек ауылдық округінде 2500-ден астам адам жер телімі кезегінде тұр. Жергілікті тұрғын Бақтияр Исаев жердің инфрақұрылымын жүргізуге жергілікті кәсіпкерлерді тартып, жолын, жарығын орнатуға неге кіріспеске деген бастама көтерді.

Аудан әкімі халықтың жеке тұрғын үй салып алуына болатын жердің инфрақұрылымын жасауға кәсіпкерлерді де тарту бастамасын қолдап отыр. Оған дейін алдымен 2006 жылдан бері әлі заңдастырылмаған жер телімдері мен тұрғын үйлер бар болып шықты. Оның басты себебі, қалаға жақын ауылдардың алдымен Түркістан қаласының, сосын Кентау қаласының, жақында Сауран ауданының аумағына өтуінен болып отыр екен. Мұны ретке келтіру үшін жер кадастры, жер инспекциясы секілді құзырлы мекемелер алдымен жерлерді заңдастыру керек.

Бас қосуда белгілі болғандай, қазіргі таңда мемлекеттік жер инспекциясы республикалық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Бұл да жергілікті халыққа қолбайлау болып отырса керек.

Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын ел ағалары Фархад-ака Абдурахманов, Халидолла Мұстапаев, Абдужаппар Абдулахаповтар жеткізді. Елге керегі күн санап құрғап бара жатқан су тапшылығы. Екінші орында жарықтың түгел жеткізілмеуі және табиғи газдың кешеуілдеуі. Тарылып бара жатқан мал жайылымы. Бұған дейін де бірнеше рет жүйнектіктермен кездесіп, тұрғындардың өзекті жайларымен жақсы танысқан аудан әкімі алдағы атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бірлесіп шешер мәселелерді еркін түрде ортаға тастады.

Аудан әкімінің баяндауынша, биыл Жүйнек ауылдық округінде жоба құны 232 миллион теңгені құрайтын сауықтыру кешені, дүкен, қоғамдық тамақтану орыны сияқты үш инвестициялық жоба іске асырылуда. Сонымен қатар жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Бұл жобаға Жүйнек ауылдық округіндегі , Жүйнек елді мекені кіріп, оның құрылысына 10 331,68 мың теңге бөлу көзделген. Округіне қарасты Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі қолданыстағы су қоймаларына сыйымдылығы 50 текшеметр су мұнарасын орнатуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Жоба дайын болған соң, орталық су жүйесіне қосылып, елді мекен тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылмақ. 

Тұрғындар тарапынан табиғи газбен қамту мен жол жөндеу сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Ғани Құрмашұлы бүгінгі таңда, аудан әкімдігі тарапынан Жүйнек ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша облысқа қаржы бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін, құрылыс жұмыстарын 2022-2024 жылдары жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.

- Жақында Теке, Қожанов, Жалаңтөс, Нұртас ауылдарын көгілдір отынға қоса бастадық. Алайда, көп үйлердің құжаттары дұрыс емес болып шықты. Осы мәселелер газдандыруға кедергі келтіріп отыр. Оранғай, Қарнақ жобаларын жасап қойды. Жүйнекке газ 2023 жылы келеді, - дейді аудан әкімі Ғани Құрмашұлы.

«Биыл Жүйнек елді мекеніндегі Түркістан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүрізілуде. «Ауыл ел – бесігі» жобасы бойынша да бірнеше жұмыстар жоспарлануда. Оның ішінде мектеп, балабақша, поштаға баратын жолдар алдымен қамтылады. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Түркістан-Жүйнек-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Көшелерге бақылау камералары орнатылады», - деді Ғ. Рысбеков.

Сондай-ақ аудан әкімі жөнделетін жолдардың сапасын қадағалау мақсатында тұрғындардан жұмысшы топ құрылып, халықтық бақылау жүргізілетінін жеткізді.

Ауылдық округтегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау мен жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда.

Сонымен қатар, Шекербұлақ елді мекеніндегі Абылайхан, Ғани Мұратбаев көшелерін, Шекербұлақ және Жүйнек елді мекендеріндегі Байтерек, Көктем, Абай көшелерін, Шыпан елді мекеніндегі Ордабасы, Бабыр көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Сауран ауданы әкімімен кездесуде ең өзекті мәселе судың басындағыларға ағын су уақытында жеткізілгенімен жаз шыға, күздегі нағыз өнімдердің пісетін кезінде арналардың құрғап кетуі сөз болды. Есік алдындағы бау-бақшасын суаратын құдықтардың өзі де ол кезде 6-7 метрден 15 метрге дейін кеуіп кетеді екен. Сауран ауданының әкімі бұл мәселені шаруа қожалықтары, Қоғамдастық өкілдері, аудандағы сала басшыларымен және құзырлы орган жетекшілерімен бірлесіп бас қосып, сонда түпкілікті шешейік деп уағдаласты. Себебі, жылма жыл су тапшылығы күшейіп барады. Соған байланысты мүмкін бірқатар шаруа қожалықтары суды көп қажет ететін мақтадан гөрі қауын-қарбыз, бидай, жоңышқа егуге көшкендері жөн болар ма екен деген ұсыныс тастағандар да болды. Бірақ мұның барлығын жан-жақты, ғылыми тұрғыда екшеп барып, іске кіріскен жөн. Себебі, қазірдің өзінде су тапшылығынан миллиондаған қаржысы желге ұшып жатқан мақташылардың барлығы анықталды. Жақын маңдағы көнерген тоғанды қалпына келтіру жайы да айтылды. Жергілікті тұрғындардың жан-жақты пікірлеріне құлақ асқан аудан әкімі мұны шын мәнінде сала мамандары мен ғалымдар қатысқан үлкен аудиторияға шығару керек екендігіне назар аударды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер