Бұдан кейін аудан әкімі Ғани Құрмашұлы Оранғай жұртымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде Оранғай ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешілгенін айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті.
Еркін форматта өткен кездесу барысында округ тұрғындары Қошқорған ауылындағы көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерді. Содан кейін учаскелік полиция инспекторының округте тұрақтамайтынын сөз етті. Бостандық ауылындағы Мешіт көшесіне асфальт төсеуді, көшелерге бейнебақылау камерасын қоюды, жаяу жүргінші жолын салуды, трансформаторлар орнатуды көтерді. Таза ауыз су мәселесі де халық назарынан тыс қалмады.
Ауыл тұрғындарының көтерген сұрақтарына аудан әкімі Ғани Құрмашұлы заң аясында рет-ретімен жауап беріп, аталған мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты. Кейбір мәселелерді өзінің жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдауға жазылған Ю.Қасимов Қосқорған ауылында орналасқан ұңғымаларды ауыз су ретінде пайдалану үшін тазалап беруді сұрады. Келесі ауыл тұрғыны Ж.Егембердиев Кентау-Түркістан тас жолы бойына бейнебақылау камерасын қоюды, өздері пайдаланып отырған ауыз су жүйесіне фильтр орнатып беруді сұраған болатын.
Аудан әкімі жеке қабылдауға жазылған әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, ол сауалдары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бұл бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты.