Қыс айына дайындық жұмыстары әріден-ақ басталып кеткен. Жылыту маусымы да Сауран ауданы әкімінің назарынан тыс қалмаған. Әзір ауа райы да қарайласып тұр, дегенмен жылыту маусымы талапқа сай өтуде.
Ал қыс айларында жүргізушілерді қинайтыны автомобиль жолдарының қардан уақтылы тазаланбауы. Одан қалаберді көктайғақтан зардап шегетіндер де аз емес. Бұл мәселе қашанда басы ашық күйінде қала бермек.
Осыған орай Сауран ауданында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен қысқа дайындық жұмыстары пысықталды. Аудан аумағында төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу мақсатында «Қыс-2022» оқу-жаттығу шарасы өткізілді.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Қ.Тәукебаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Қуанышбаев қатысып, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, басқару органдарының күштері мен құралдарын және техникаларының даярлығы пысықталды.
-Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аса қажетті жол телімдеріне, атап айтқанда, тау асулары мен өрлерге, қарқынды қозғалысты қиылыстарға, теміржол өтпелері мен аялдамаларға тайғақтыққа қарсы материалдарды дайындау жоспарланған. Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығынан туындайтын автомобиь жолдарында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті мердігер ұйымдарға тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру тапсырылған. Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, жергілікті маңызы бар жолдарды қыс айларында күтіп ұстауға тиісті қаражат бөлінген. Бұл жұмыстарға мердігер тартылған, - дейді төтенше жағдайлар бөлімі басшылығы.
Аудан әкімінің орынбасары Қ.Тәукебаев аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша штаб құрамының қысқы маусымға даярлықтарын тексеріп, оқу-жаттығу шарасына оң бағасын берді. Жалпы, оқу-жаттығу шарасына 80 адам мен 14 техника жұмылдырылды.