Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп нарыққа шығаруға жол ашылуда

Соңғы жылдары ағын су тапшылығының артуына байланысты Сауран ауданының диқандары жаңа технологияға көшіп, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологияларын пайдалануға көшкен.

Screenshot_61.jpg

Шикізаттың тез бұзылып кетуіне және алыс жолға шыдамауына байланысты да жеміс-жидектер мен азық-түліктерді қалбырлап, тосап жасауға да бейімделе бастады. Осыған орай Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевқа жолығып, бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.

-     Сәкен Есенкелдіұлы, Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі қандай? 

-     Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Сауран ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылға арналған даму көрсеткіштерін орындау бойынша үш жақты келісім бекітілді. Ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 85,48 миллиард теңгеге жоспарланды. Нақты индекс көлемін орындау 104 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың жеті айында атқарылған жұмыстардың орындалуы 20,99 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,2 пайызды құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығы өнімі 14,88 миллиард теңгеге жетіп, орындалуы 101 пайыз болып отыр. Өсімдік шаруашылығы өнімі 5,73 миллиард теңгеге жетіп, 104,8 пайызға орындалды.

Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 433,8 мың тонна мал азығы 100,5 пайызға жиналды. (сабан-3,7 тн, сенаж-37,4 тн, табиғи шөп-234,8, жоңышқа 114,3, сүрлемдік жүгері-43,6). Мал азықтық шөптер биыл шаруаларға қол жетімді тиімді бағада сатылуда. Егістік алқап басынан табиғи шөптер 200-250 теңге, жоңышқа 400-500 теңгеден өткерілді, ол былтыр 1000-1200 теңгеге дейін шарықтап кеткен болатын. 

Аудан бойынша 830790 бас мал мен құс бар, өткен жылмен салыстырғанда 241693 бас артып, 141 пайызды құрап отыр. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 98990, жылқы – 19891, уақ мал – 516981, түйе – 3726, шошқа – 1973, құс 189229 басты құрады.

-     Сауран ауданындағы күзгі жиын-терім қалай өтті?

-     Сауран ауданы бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 42137,4 гектар алқапқа орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 1179,4 гектарға артып отыр. Атап айтсақ, бидай – 3275,6, арпа – 300, дәндік жүгері – 2800, мақсары – 309,8, мақта – 12771,9, жоңышқа – 13709, сүрлемдік жүгері – 855,7, картоп – 357,8, көкөністер – 2433, бақшалық дақылдар – 5259 гектар алқапқа орналастырылды. 

3275,6 гектар алқапқа себілген астық уақтылы орылып, гектар түсімділігі 30 центнерді құрап, 9826,8 тонна өнім жиналды. Одан бөлек, 63 мың тонна көкөніс, 185 мың тонна бақша өнімдері жиналды. 389 мың тонна мал азығы дайындалды.

-     Күзгі далалық науқандық жұмыстарды атқаруға мемлекет тарапынан жанар-жағармайдың жеңілдікпен жеткізу мәселесі қалай шешілді?

-     2022 жылдың күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген қажетті жанар-жағармай (дизель отыны) көлемі 2730 тонна бөлініп, бағасы 203 теңгеге бекітілді. Ал жанар-жағармайды (дизель отынды) жеткізуші «Turkistan janarmai» ЖШС мен «Мунай инвестмент груп» ЖШС операторлары бекітіліп, ауылдық округ әкімдігі тарапынан агроқұрылымдардың тізімі қалыптастырылды. Бұл нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен. Бұған диқандар ризашылығын білдіріп отыр.

-     Аудан көлемінде мақтаның өнімділігі қалай, бағасы жөнінде сала мамандары не дейді?

-     Өткен жылы 10 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілсе, ағымдағы жылы 2778 гектарға артығымен егіліп, жалпы 12778 гектар құрап отыр. Өнімділігі гектарына 27 центнерден айналды. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы бір килограмм шитті мақтаның орташа бағасы 405 теңгені құрайтын болады. Өткен жылы шитті мақтаның орташа бағасы 320-380 теңге аралығында болды. Бұл мақташыларға едәуір қолдау болып табылады.

-     Мақта өніміне субсидия бөлу мәселесі қалай болып жатыр?

-     Осыдан 5-6 жыл бұрын мақта өнімінің жиналған тоннасына субсидия берілетін. Қазіргі кезде мақта өнімі тікелей қайтарымсыз қаржымен қамтылмайды. Үкімет тарапынан шаруаларға көктем, күзде нарықтық бағадан 25-30 теңге арзан жеңілдетілген бағада жағар май бөлінеді. Егіске берілген тыңайтқыш құнына, тамшылатып суару жүйесін қойған жағдайларда қайтарымсыз қаржы (субсидия) беріледі.

-     Экономист сарапшылар «субсидия тікелей өнім өндірушіге берілуі тиіс» деген пікірде. Бұған қалай қарайсыз?

-     ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 16 қарашадағы №332 «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы негізінде, заңды және жеке тұлғалар шеккен шығыстарының бір бөлігін, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы электронды құжаттарын тіркей отырып субсидия алады. Яғни, өнім өндіруші тікелей субсидия алып отыр.

-     Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егіс алқабында қай өнім түрлерін егуге басымдық беріліп отыр?

-     Су тапшылығы біздің өңірде біраздан бергі проблеманың бірі. Соңғы жылдары ауданымызда жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, негізінен мал азықтық дақылдар егу жолға қойылып келеді. Мысалы, жоңышқа егу былтырғы жылмен салыстырғанда 2000 гектарға көбейді. Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында жаңа технологияны пайдалана отырып жаңбырлатып, тамшылатып суару жүйесін орнату бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылы 782 гектар жерге жалпы құны 790 миллион теңге болатын жаңбырлатып суару жүйесі орнатылса, биыл 1117 гектарға жалпы құны 1,14 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 143 пайызға артты.

Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында жаңа технологияны пайдалана отырып тамшылатып, жаңбырлатып суару жүйесін орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылы тамшылатып суару 243, жаңбырлатып суару 903 гектар алқапқа орнатылды. Бұдан бөлек, 231 гектар алқапқа қарқынды бау отырғызылды. Сауран ауданында жылыжайлар 4,81 га салынып, жалпы көлемі 36,81 гектарды құрады. Бүгінгі күнге жылыжайлар есебінен 1923 тонна өнім өндірілді. Оның ішінде қияр – 1319,5 тонна, қызанақ – 541,5 тонна, болгар бұрышы – 62,4 тонна өндірілді. Мұның барлығы жаңа технологияны тиімді пайдаланудың жемісі.

-     Жасыратыны жоқ аудан көлемінде диқандарға беріліп келген ағын судың бағасы әркелкі болғаны рас. Сонымен қатар су тапшылығы әлі де алдымызда кездеседі. Соған байланысты судың, әсіресе ағын судың бірыңғай тарифын бекіте алдыңыздар ма?

-     Иә, дұрыс айтасыз. Ауданымызда көптен бері шешілмей келген ағын су мәселесінде өз деңгейінде тиісті жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Ескі Иқан ауылдық округ шаруалары егін суаратын суды Түркістан магистралды каналынан алады. Ішкі жүйелердің көпшілігіне «Тұран су» мекемесі жеткізсе, Ескі Иқан ауылына «ИДЖЖЖ-2» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіліп отырғандықтан екі мекеменің тарифі әр түрлі болып келген. «Тұран су» мекемесінің тарифтік бағасы 251,19 теңге болса, «Қазсушар» мекемесінің тарифтік бағасы 787,36 теңге болатын. 2022 жылы осы проблема шешіліп, «Тұран Су» ШЖҚ МКК-ның теңгеріміне өткізу келісілді.

Қазіргі таңда, ауыл шаруашылығы тауар өнідірушілердің егістік алқаптарына қажетті ағын судың тарифтік бағасы 251,19 теңге болып  белгіленді. Сонымен қатар, иесіз мүлік болып келген «Майдантал» мен «Ырмақ» су қоймалары да «Тұран Су» ШЖҚ МКК-ның теңгеріміне өткізілді.

-     Аудан көлемінде жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясына көшкен диқандарға қандай көмек берілуде?

-     ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 16 қарашадағы №332 «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы негізінде, заңды және жеке тұлғалар шеккен шығыстарының бір бөлігіне мемлекет тарапынан субсидия беріледі. 

-     Өзіңізге белгілі, өткен жылы облыстың бірқатар диқандары қырыққабат өнімін өткізерге жер таппай, соңында халыққа тегін таратты. Осындай жағдай болмас үшін сіздер өнімдерді өткізуді бір орталықтан ұйымдастырудың қандай шараларын жасаудасыздар?

-     Біздің ауданымызда қырыққабат негізінен үй іргелік жерлерде ғана аздап егіледі. Ауданымызда негізінен мақта, көкөніс, бақша, бидай, мал азық дақылдары егіледі. Аталған проблема негізінен Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарында болғаны белгілі.

-     Ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатпай ұқсата пайдалану, тосап, қалбырға салу арқылы нарыққа шығару тиімді емес пе? Осы бағытта қандай ұйымдастыру шараларын жасаудасыздар?

-     Сауран ауданы әкімдігі тарапынан шаруалармен жиналыс өткізіліп, түрлі бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Абдурайм Сулейменов 2017 жылдан бері «Әл-береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі негізінде жеміс-жидек және көкөністерді қайта өңдейтін цех ашып, консервіленген өнімдерін тұтынушыларға жеткізуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылдық округінің тұрғыны, «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы Хабибулла Азимов сүт өнімдері мен шитті мақта дақылын қайта өңдеп, қаймақ, сүзбе, сары май және пастерленген сүт өнімдерін мақтадан өсімдік майы мен кір сабын шығаруда.

-    Сұқбатыңызға рахмет. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Балалар бақыт табатын мекен
  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Тұмса табиғатпен үндескен кешен
  • Лагерлердің дайындығын тексерді
  • «Робинзон» лагері қайта салынады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер