Шорнақтықтар қысы-жазы бір тынбайтын Мұрат Сұлтанбаевты жақсы таниды. Өйткені ол пандемия кезінде жылыжайындағы көкөністерін Ресейге экспорттай алмай, халыққа тегін таратып берген болатын. Пандемия кезінде ол осындай қайырымды ісімен ол ел есінде қалды.
Қазіргі таңда есік алдындағы 40 сотықта қияр, болгар бұрышы, қызанақ, қырық қабат, қауын, қарбыз өсіруде. Түркістандағы орталық базарда қызанақ пен қиярдың килосы бір мың теңге тұрады. Оның айтуынша, шығыннан бөлек 50 пайыз кіріс кіреді екен.
2010 жылдан бері жылыжайда көкөніс өсіруді кәсіп еткен Мұрат Ресейдің Новосібір, Қазақстанның Түркістан, Ақтау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан тұрақты тапсырыс берушілерді тапқан. Биыл ол үш миллион теңгеге тамшылатып суару жүйесін жүргізіп, жылыжай ошағын ауыстырыпты.
Мұратқа жұбай Айсұлу, ұлдары Жамболат пен Ерлан, қызы Айда көмектесуде. Көкөніс жинар тұста 12 адамға дейін маусымдық жұмысшы жалдайды. Жылына жылыжайдан 32 тонна қияр жиналады. Биыл «Қазмикроқаржы» ұйымынан бір миллион теңгені 48 пайыздық өсімімен алған екен. Осы орайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермерлерге мемлекет тарапынан субсидия берілсе деген ұсыныс айтты.
- Еңбек мені есейтіп, елге танытты. Еңбектің арқасында жағдайымды түзеп, отбасымды асырап отырмын. Қайырымды істерден де тыс қалып жатқан жоқпын. Ауылдың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруаларға қолдау, демеушілік көрсетіп жүрмін. Бүгінде Сауран аудан орталығы болған соң, жылыжай салып, көкөніс өсірушілер қатары жыл санап көбейіп келеді. Өнімді тапсырыс беріп алушылар мен жақын маңдағы базарлардың саудагерлері де көтерме бағамен алып үйден алып кетеді. Алдағы уақытта қаржы көзін тапсам, жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, ұқсата пайдалану жағдайын ойланып жүрмін. Түрлі тосаптар мен қалбырланған көкөністерді көбейтсем деп отырмын, - дейді Мұрат Сұлтанбаев.