Жібек жолы бойындағы туризімді дамытуға көңіл бөлінуде

Бүгінгі таңда туризм саласына барынша көңіл бөлінуде. Туристік нысандар Сауран ауданында да жеткілікті. Оны халыққа таныту, туристерді тарту мақсатында тың жобалар мен арнайы бағдарламалар қолға алынуда. 

Screenshot_5.jpg

Шет мемлекеттер мен еліміздің түкпір-түкпірінен зиарат жасап келетін туристерге жағдай жасау үшін, ауданда қонақ үйлер, хостел және тағыда басқа нысандарды салу жоспарланған. 

Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын аясында мүмкіндіктер берілген. Жалпы биыл ауданда бір қонақ үй, бір хостел іске қосылмақ. 

Ауданда туризм саласын дамыту барысының қалай жүргізіліп жатқандығы туралы Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековтен сұраған едік. 

- Ауданымызда туризмді дамыту мақсатында көне тарихи орындар мен ғажап сәулеттік нысандар, ондағы құнды жәдігерлер арнайы бейнероликке түсіріліп насихатталуда. Тіпті ол бейнеөнімдер телеарна арқылы көрсетіліп, бірқатар сайттар мен әлеуметтік желілерге де орналастырылды. Жалпы ауданымызда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарамағына кіретін 61 тарихи нысан бар, - деді ол.

Мұндағы тарихи нысандарға тоқталар болсақ, соның бірі – ортағасырлық Сауран шаһары. Ол Түркістан қаласынан 43 шақырым солтүстік-батысқа қарай, Қызылорда облысының әкімшілік шекарасынан 1,5 шақырым, «Самара - Ташкент» автомобиль жолынан 2 шақырым оңтүстікке қарай, темір жолдан 500 метр  жерде орналасқан. Сауран шаһары 12 ғасырда үлкен сауда орталығы болған, аспан астындағы көнеден қалған жәдігеріміз - Түркістандағы Әзірет-Сұлтан мемлекеттік мұражай-қорығының қорғауына кіреді.

Ал келесі нысан Үкаша-ата, ол Сауран ауданына қарасты «Серт» елді-мекеннің солтүстігінде орналасқан. 1996 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарамағына берілген. Қорғау аймағы – 100 гектар аумақты құрайды.

Сондай-ақ туристер ежелгі қала Сауранға, Үкаша ата және Қаратаудағы Жылаған ата үңгіріне баруға қызығушылық танытады. Ол жерде теңіз деңгейінен бірнеше метр биіктікте судың қалай пайда болып, бір сәтте жоқ болуын көруге болады. Бұл жерге жыл сайын екі мыңнан астам адам зиярат етуге келеді. Олардың ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қытай мемлекеттерінен келген туристер де бар. 

Туристердің бұл нысандарға кедергісіз, жайлы жетуі үшін қазір ауданда бірқатар жобалар қолға алыныпты. Атап айтсақ, Құсшы ата елді мекенінен әуежайға дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстарына 1,07 миллиард теңге қаралған. Сонымен бірге облыстық маңызы бар КХ-95 Ынталы автожолының 20 шақырымын, КХ-115 Жүйнек автожолының 13 шақырымын және КХ-59 Бірлік-Қарашық автожолының 25 шақырымына асфальт жабынын төсеп, орташа жөндеуден өткізу құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

«Бұл құрылыс жұмыстары аяқталған соң, жоғарыда аталған тарихи, орта ғасырлық қала жұрттарына туристер алаңсыз барып, зиарат етіп қайта алатын болады. Сонымен бірге жақын және алыс шет елден, сонымен бірге отандық саяхатшылар ауданның экономикасына оң серпін әкеледі деген сенімдеміз» дейді аудан әкімі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер