Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін таппағанын айтып, Үкіметке Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деді.
Ел Президентінің тапсырмасын жүзеге асыру бойынша облыс орталығының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында соңғы жылдары қыруар жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, екі жыл бұрын Түркістан қаласында бес су резервуарының құрылысы басталған болатын. Соның біреуі құрылысы толық бітіп, биыл пайдалануға берілді. Қалған төртеуінің құрылыстары келер жылы толық аяқталып, пайдалануға берілгенде түркістандықтар 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Яғни, 2024 жылы Түркістан қаласы таза ауыз сумен толығымен қамтылады.
Бүгінде Түркістан қаласында 189 мың 210 тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл облыс орталығы халқының 98,9 пайызы. Қала тұрғындарына ауыз су «Мырғалымсай» жер асты су кен орнынан 33 шақырым құрайтын магистралды су құбыры арқылы тазартылып беріліп жатыр. Су жеткізіп беру қызметімен «Түркістан су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс орталығы Түркістан қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2022 жылы 5 нысанның құрылысы басталған болатын. Атап айтқанда, олардың біріншісі – Мақта зауыты және Түркістан қалалық темір жол (ТГЖД) аумағы, екіншісі – бірінші және екінші шағынаудандар мен Ремзауыт аумағы, үшіншісі – Иассы және Шауғар шағынауданы, төртіншісі – Түркістан қаласының жаңадан қоныстанған аумағы, бесіншісі – көлемі бес мың текше метрді (5000 м3) құрайтын резервуар. Бүгінгі таңда бұлардың төртеуінің құрылыстары кестеге сай жүйелі жүрізіліп келеді. Ал біреуі – көлемі бес мың текше метрді (5000 м3) құрайтын резервуардың құрылысы осы жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс барысында 25 мың шақырымнан астам құбыр тартылды. Қаладағы барлық ескі және жаңадан бой көтерген ғимараттарға кәріз жүйесі жүргізілді.
Өз кезегінде «Түркістан Су арнасы» мекемесі 200 мыңға жуық халқы бар шаһарды 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге әзір. Жаңа су арнасы толық заманауи техникамен жабдықталған. Энергия үнемдейтін жоғары технологиялық қондырғылар қойылған су шаруашылығы қаланы сумен жабдықтау және су бұру жүйесі арқылы тиімді қамтамасыз етуге бағытталған ірі операторға айналуға мүмкіндігі бар.
Түркістан қаласын үздіксіз сумен қамтамасыз ететін жаңа мекеме – толық автоматтандырылған үлкен өндірістік кешен. Ұңғымалар арқылы қуатты сорғылар көп метрлік тереңдіктен тірі ылғалға ие болады және оны магистральды су құбырына береді. Зарарсыздандырылған, таза ауыз сумен халықты қамтамасыз ететін жаңа су арнасында су шығыны толық бақылауда. Сорғылардың жай-күйі, су көлемі, құбырдағы қысым және басқа да деректер диспетчерлік бекеттің мониторларында көрсетіледі.
Қалған төрт су жинағыш нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Солай келер жылдың қорытындысымен, Түркістан қаласын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бес жылда халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын мерзімінен бұрын орындау болмақ.
Жалпы, сонымен қатар, Түркістан қаласын суландыру, туризм ошағына айналдыру үшін облыс орталығында бірқатар ауқымды жұмыстар жасалуда. Алайда, табиғаты құрғақ, жазы ыстық, аңызақ желді өлкені көгалдандыру – күрделі мәселе. Келбеті жаңарған қаланың жасыл белдеуін сақтап, егілген көшеттерді жерсіндіру үшін қолайлы жағдай жасау әзірге күн тәртібінен түспей тұр. Қаланы түркі әлемінің мәдени әрі рухани орталығы етіп, дамытар тұста әрбір тамшы судың тапшылығы сезіліп, тіршілік көзін үнемдеп қолдану қажет болды. Оның үстіне, Түркістанды туристік мекен ету үшін бұл мәселені кейінге қалдырмай шешуге күш салу керек.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылған. Шаруашылық пен ауыз су қажеттіліктері оңтайланған. Кентаудан екі су құбыры желісі тартылды, қала бойынша су резервуарларының көлемі үш есе артты. Демек, жақын болашақта ауыз суына қатысты проблема болмайды. Ал, парктер, саябақтар, үй іргесіндегі телімдер, қала айналасындағы жасыл белдеудің қарқынды салынып жатқанын ескерсек, суармалы суға деген қажеттілік жылына 230 миллион текше метрді құрайды.
Расында суармалы суға деген сұраныс жыл өткен сайын артып барады. Сондықтан бұл проблеманы дер кезінде шешіп, үлкен жобаларды іске асыру қажет. Соның бастамасы ретінде Кентау қаласындағы жер асты суларын тиімді пайдалану жобасын айтуға болады. Кенді шаһардағы жылдар бойы жиналған жер асты суы көтеріліп, қалаға қауіп төндіріп тұр. Себебі шахта қала деңгейінен жоғары орналасқандықтан қаланы су басу қаупі туындап, тұрғын үйлер жарамсыз күйге түсе бастаған.
Қауіп қайдан келді? ХХ ғасырдың бел ортасында Кентау қаласында полиметалл рудаларын өндіретін Мырғалымсай кен орны бой көтерді. Бұл кен орны ең суалғыш кен ретінде әлемге әйгілі. Кенішті судан тазартып, көн өндіру үшін қыруар қаржы жұмсалатын болған. Ал, Кеңес үкіметі ыдырыған тұста игерусіз қалған шахталарды сумен толтыру туралы шешім қабылданады. Бұған экономикалық құлдырау, шахталық сутөкпе жұмыстарын жүргізетін әлеуеттің болмауы себеп.
Хош. Түркістанға су тапшы, ал Кентауда жағдай күрделі. Дегенмен, «бір оқпен екі қоян алудың» оңтайлы сәті туып отыр. Қауіптің бетін қайтарып, апатты ауыздықтау үшін жерасты суын Түркістанға тасымалдау қажет. Ол үшін өңір басшысының шешімімен Кентауда 14 сорғы орнатылған шахталық сутөкпе қондырғылары қазылады. Осылайша жерасты суларын төмендету жүйесі іске асырылып, тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Нәтижесінде Түркістан өңіріне қосымша 40 миллион текше метрге дейiнгi ағын су жеткізіледі.
«Кентауды су басу қатерінен құтқару – біздің басты міндетіміз, негізгі жоба әзірлеу нысанымыз. Сондықтан біз Кентау қаласы үшін қажетсіз, ал Түркістан үшін тапшы су мәселесін тиімді шешу жолын ұсындық. Шахтадан шыққан жерасты суымен Қосқорған қоректендіріліп, қажетті мөлшерде су Түркістанға жеткізіледі. Бұл қатар орналасқан екі қаланың да мәселесін оңтайлы шешу мүмкіндігі», – дейді «Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері София Боциева.
Мұнан бөлек, өңірде қар суы мен нөсерлі жауын-шашынды да тиімді пайдалану, оны жинау жобалары әзірленіп, қолға алынуда. Ерте көктемде арнасынан асқан ағын суды босқа жібермей, су қоймаларында сақтау маңызды. Себебі бұл қаланы көгалдандыру үшін өте қажет. Өңірде су қоймасын, бөгеттер салу осы мәселені алдын алып, қаланың көркіне әр берген жасанды каналдар мен көлдерді ұстап тұруға мүмкіндік жасайды. Ең бастысы, су босқа кетпей, тазалаудан өтіп, артынша суару жұмыстарына қолданылады. Бұл жиналған судың қырық пайызы қаланың қажетіне қайта қолданылады.
«Заманауи технологиялар мен жаңа жобалар есебінен Түркістанды өмір сүруге жайлы, туристерді келбетімен тартып тұратын, бұрынғы жазиралы шаһарға айналдырғымыз келеді», – дейді қала басшысы.
Бұл су әлеуетін арттырудағы жасалып жатқан шешімдердің толық тізімі емес. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Тіпті, алғашқы нәтижелер көңіл қуантады. Жаңа қалада жасыл белдеу көлемі ұлғайған. Бұл да жүзеге асқан және қолға алынған жұмыстардың нәтижесі. Айталық, 13 мың гектар жерге ағаш егіліп, үш жыл ішінде қалалық парктер, саябақтар, газондардың ауданы 2,5 есеге артып, тағы 400 гектарға өскен. Түркістанда 80 шақырымды құрайтын каналға тазарту, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су айдыны 400 гектардан астам ауданды алып жатыр. Микроклиматты жақсарту шаралары қарқын алып келеді. Егер аталған жобалар жалғасын тапса, Түркістан үлгісі еліміз үшін су ресурстарын басқарудың үнемді әрі табиғи моделі ретінде таптырмайтын тренд болады.
Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі – басты назарда. Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталасбас үлгіде салынды. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» жер көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған. Жалпы аумағы 5 гектар жерде орналасқан Нұрсыұлтан Назарбаев атындағы жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жұмыстары да аяқталып, пайдалануға берілді. Демалыс аумағы жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайынының аумағы абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды. 20 гектар жерде орналасқан аумаққа газон төселіп, ағаштар отырғызылды. Суару жүйелері жүргізіліп, жолаяқтар төселді. Жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылды. Субұрқақтар салынып, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды. Саябақта бірнеше ойын алаңшалары салынды. Бүгінде «Нұр – Сұлтан» алаңы, «Жібек жолы» саябағы, «Дедросаябақ», Яссы көшесіндегі «Желілік саябақтың» құрылысы аяқталып, абаттандырылып, Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарының серуен құратын сүйікті демалыс аймақтарына айналған.