Кесене құдығын көру үшін келетін туристер қатары артқан

Screenshot_9.jpg

Осы уақытқа дейін миллионнан аса турист келген Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіттен, жалпы 8 бөлмеден тұрады. 

Кесенедегі құдықхана бөлмесінде аты айтып тұрғандай, мұнда құдық бар. Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялаған деп айтылады. Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі - 80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, ал қазір жер асты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады. Біз музей әкімшілігі туристерге арнап құдық суы құйылған ыдыстан пластик стақанға құйып ішіп көрдік. Арыстанбаб кесенесі маңындағыдай ащы емес, шөл қанатындай тұщы. Ми қайнатар шіліңгір шілдеде мейрамханадан емес, құдықханадан ішкен су туристерге эстетикалық ләззат сыйлары анық. Құдық суын іше отырып, олар ойша ортағасыр әлеміне саяхаттап, сол заманның аурасын сезіне алады.   

Айта кетейік, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде ХІV ғасырда негізі қаланған құдықтан «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы тарқатылып отырғаны тарихтан белгілі. Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс жасаған. 1992-1999 жылдар аралығында Түркияның «Вакф Иншаат» фирмасы кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын. 

- 2018 жылдың қазан айында тұңғыш Президент Н.Назарбаев Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, құдық суына тазарту жұмыстары жүргізіліп, су құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп тиісті құжаттар дайындалды. Сол жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылды. 

Қазіргі таңда құдықханаға келуші адам қарасы мол. Олар міндетті түрде құдықтан бір ұрттам су ішіп кетеді. Бұл бөлмеде су ішуге арналған көптеген ыдыстар бар. Мұнда кезінде кең қолданыста болған «көзе» ыдысын көруге болады. Көзені ғылыми тілде – сұйық зат құю үшін балшықтан күйдіріліп жасалған қыш ыдыс деп атайды. Шығыс елдерінде «кувшин» деп атайды. Кувшин – жеміс шырынын ішуге арналған ыдыс дегенді білдіреді. Кувшинді Араб елдері жиі пайдаланады. 

Қара қарғаның миы қайнайтын сырттағы жазғы шілденің ыстығына қарамай, құдықхана бөлмесінің іші сап-салқын. Осы бөлмеден жер астынан шыққан суды сіміріп ішіп алсаңыз жан сарайыңыз рахат сезімде болады. 

Жалпы, қазақ халқы үшін құдықтың маңызы өте зор. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы еңбек өте ауыр болған. Мал жаю, төлдету және оны өсіру, табынды сақтап, ауырған малды емдеу, табиғи су көздері жоқ шөл мен шөлейіт өңірлерде құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстау үшін қазақтардың көп күш жігер жұмсауына тура келді. Қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы табиғаттың дүлей құбылыстарына тәуелді болды. Шу қазақтары  Жетіқоңыр жайлауына жету үшін Бетпақдала, ал Сыр қазақтары Торғай арқылы Қостанай жетіндегі жайлауларға жету үшін Арысқұм, Дариялықтақыр сияқты шөлдерді кесіп өтті. Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақтар Ырғыз, Ақтөбе жайлауларына көшер жолында Кемпірқұдық, Қызылдемар, Қияқты, Жалынды, Алтықұдық, Қаражүз, Тасқұдық  сияқты құдықтардың үстінен өткен. Кіші Борсық, Үлкен Борсық құмдары, Мойынқұм, Қызылқұм, Қарақұм сияқты табиғи су көздерінен жырақ жерлерден құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстауы, өздерінің тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесі және малды шөлден аман алып қалудың қамы еді. Әсіресе суы тапшы табиғи зоналарда құдықтардың маңыздылығы жоғары болды. Далалық қуаң өңірлерде қазақтар арасында құдықшылар мен сушылардың беделі жоғары болды.

Көш жолдары бойындағы ауыл уақытша тоқтайтын құдық басы да,  табиғи және жасанды су көздерімен қатар «суат» деп аталып, бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Ертеде жайылымдық жер, мерзімдік қоныс қарағанда иеленген жерге белгі қалдырып кетіп отырған, суатқа бірінші келіп тоқта-ған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байлаған, бұл дәстүр топ будым деп аталған. Егер басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар суатқа тоқтамай одан әpi көше берген.

Қазақ жерінде құдықтардың қазылған жеріне, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатына байланысты құдық қазудың да өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Зерттеушілер еңбектеріндегі мәліметтерді зерделей отырып, пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай құдықтардың ұзақ жылдар пайдаланатын тұрақты, терең емес етіп қазылып, керек болмаған кезде көміп кететін уақытша түрлерінің болғандығын көреміз. Тұрақты құдықтардың 4-5 метрге дейін терең емес, таяз, 4-тен 10 метрге дейін орташа тереңдіктегі, 10 метрден асатын терең түрлері болды. Қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан гидротехникалық білімі «құдықшылық» деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер