ІХ халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді

Шымкентте Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі басталды. 

Screenshot_36.jpg

Екі жылда бір рет өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға.   

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған Фестивальда Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстанның таңдаулы театрлары өнер көрсетеді. Шымкент қаласындағы өнерсүйер қауым Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры,  Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры және Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр. 

Аталған өнер ұжымдары 6-11 қараша күндері Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «АТЖАЛМАН ҒАСЫР», Ш.Айтматовтың «БЕТПЕ-БЕТ», Х.Ниязидің «САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫҢ ОЙЫНЫ», П.Сейидлидің «КИЛЛЕРДЕН ТЕЛЕГРАМ», Ғ.Мүсіреповтің «ҰЛПАН», Ш.Айтматовтың  «ЛУВР ҮЙРЕГІ», Хэменгуэйдің  «ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ», А.Навоидің «ЛӘЙЛІ-МӘЖНҮН» және А.Гильязованың  «ҚАР АСТЫНДАҒЫ ҚАЙНАР БҰЛАҚ» туындыларын көрермен назарына ұсынатын болады. 

Бұл іс-шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Шанин театрының 95 жлдығымен сонымен бірге осы датаға орай ұйымдастырылған ІХ халықаралық Орталық Азия театрларының фестивалімен құттықтап өтті.

«Қадірменді сахна шеберлері! Ардақты өнер майталмандары! Құрметті қала қонақтары мен театр ұжымы! Сіздерді Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. «Мәдениет пен өнер ел өміріндегі ең маңызды сала. Өнер ұлттың жаны, ал мәдениет рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап байыта түсу ортақ парыз» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, 95 жылдықта түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарын сіңіріп тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өнерге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениет дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін. Біз ұлттық театр өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан драматург, жазушы мемлекет қайраткері, Алаштың арысы атанған Жүсіпбек Аймауытовтың өмірінің соңғы жылдары шымкент педагогикалық училищесін басқарып тұрған тұсында ордалы Оңтүстігімізде шырайлы Шымқаламызда театр өнерінің қалыптасуына ықпал еткенін мақтанышпен айта аламыз. Осындай арда азаматтарымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында құрылған театрымызда әр жылдары танымал театр және кино актрисалары Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сынды тарихи тұлғаларымыз еңбек еткен театр өнерінің қарашаңырағының бірі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының мәртебесі арта берсін. Бүгін біздің қаламызда алғаш рет осы театр мерейтойының аясында Орталық Азия елдерінің ІХ халықаралық театр фестивалі өткелі отыр. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Түркия елдерінің театрлары қатысуда. Бұдан бөлек Румыния, Грузия елдерінің театр сыншыларымен қатар Түрксой ұйымының өкілі сондай-ақ Қазақстанның әр өңір театрларының басшылары да осы фестивалімізге келіп отыр. Театр қойылымдарын тамашалау және театр фестивалін көру үшін арнайы келген қонақтарымызға қаламызға қош келдіңіздер деп айтамыз. Баршаларыңызға шығармашылық табыс, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Бүгінгі біздің өнер ордамыздың 95 жылдық мерейтойы тағы құтты болсын» деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

Осыдан кейін театрдың бір топ қызметкері қала әкімінің қолынан Алғыс хаттармен марапатталды. 

Салтанатты іс-шарада сөз алғандар ішінде театр және кино өнерінің тарланы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақстан және КСРО мемлекетітк сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театралы ассациациясының президенті, профессор, қазақ театр өнерінің абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов болды. 

«Қазақ болып туғаныма қуанам. Әсіресе оның өнерін қуғаныма қуанам. Экраннан, сахнадан жақсы кейіпкерлер жасап, өмірге қайта туа алам. Қазақтың кең байтақ, ұшан-теңіз жеріне қуанам. Пәс түскен көңілімді таза ауамен жуа алам. Басыма қаншалықты қайғы-қасірет түспесін, белімді бекем буа алам. Ассаламуалейкум, қымбатты достар, бауырлар, қандастар! Бүгінгі ұлы мейрамменен құттықтаймын. Бүгінгі күн халқымыз үшін тарихи күн. Сонау көптеген азаматтарды, біздің ұстаздарымызды, үлкен шеберлерді бүгін еске алып жатырмыз. Сол Жұмат Шаниннен бастап. 1936 жылғы декада еске түседі. Қазақ сияқты халықтың өнерін бүкіл Россияға танытты сол кезде. Олардың ішінде бірінші жарлықпен 24 жасында КСРО халық әртісін алған Күләш Байсейітовадай өнер жұлдыздары болды. Сол тұстағы мәдениет министрі Т.Жүргенов, театр негізін қалаушы Ж.Шанинді атауға болады. Сонымен бірге Жүсіпбек Аймауытовтай Алаштың азаматтарын еске алып отырмыз. Одан кейін Сәкен Сейфуллин  бастаған бар. Сосын олардың ізін алған басқа топ  келді. Дүние көші солай жалғаса береді, жалғаса береді. Өнер халықтыкі. Халықтың деңгейі сол өнер арқылы, мәдениет, әдебиет арқылы өседі. Мұхтар Әуезов тілімен айтқанда «мәдениетсіз, әдебиетсіз ел ел емес». Дәулеткерей бабамыздың айтуынша ас ішіліп кетеді, киім тозады, бірақ мәңгіге қалатын өнер. Сондықтан мен өнеріме қуанып, өнеріммен мақтанып тұрған себебім сол. Спектакльдер бір-бірімізбен қарым-қатынас жасауға, әр елдің мәдениетінің деңгейін түсінуге шығармашылық адамдары үшін көптеген пайда келтіреді. Сол үшін Шымкент қаласы әкімдігіне, фестивальді ұйымдастырған Әуезов театрына рахмет айтамын. Мұндай фестивальдер жиі болу керек. Әсіресе Шымкент сияқты миллионер қалаға. Мен оңтүстіктің тумасымын. Кентауға оқығанмын. Кейін Шымкентте №19 мектепте білім алдым. Жас кезімде спортпен шұғылданмын. Түркістанға баратын едік сол кезде. Ясауи кесенесі түбінде малдар жайылып жүретін. Сондай кездерді бастан өткердік. Қазақ қиянатты, қиыншылықты көп көрген халық. ИншаАллаһ қазір жақсымыз. Жақсы болайық. Жақсы болса екен дейміз. Соған тілектеспін. Тоқсан жылдық жасымызда көргеніміз көп, естігеніміз көп. Соның бәрін жастарға, жас ұрпаққа беріп кетуге міндеттіміз» деді театр және кино өнерінің майталманы.        

Осы сәт қазақ сахарасында театр дәнін еккен тұңғыш режиссер Қазақстанның халық әртісі Жұмат Шаниннің соқтықпалы, соқпақты өнер жолы мен өмір дерегіне арналған «Ұлт театрының атасы» кітабының авторы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Амангелді Оразбайұлы Мұқан  сахна төріне көтеріліп, аңыз адам Асанәлі Әшімовпен жаңа кітаптың тұсауын кесті.   

Сонымен қатар фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі. Нақты айтқанда, өтінім білдірген театр мамандары «Режиссура» бағыты бойынша арнайы шақырылған ресейлік театр режиссері, Е. Б. Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері – Юрий Бутусовтың, «Актердің сахналық үні» бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Театр өнері факультеті, Сахна тілі кафедрасының доценті, ҚР Мәдениет саласының үздігі – Айгүл Наремгенованың, «Театр ісін ұйымдастыру (менеджмент)» бағыты бойынша театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының (оперетта) директоры – Бури Ганиевтің шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Фестивальдің қорытындысы мен жабылу салтанаты 11 қараша күні сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы «Tulip Hall»  мәдениет сарайында өтеді, онда үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар марапатталады.

Жалпы айта кету керек Орталық Азия елдері мен түркі тілдес мемлекеттердің  театр өнері саласындағы ынтымақтастығы мен достығын нығайту мақсатында түркі тілдес мемлекеттері мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысатын Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі дәстүрлі түрде әр екі жыл сайн өткізіледі. Фестивальдің құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі. Сонымен қатар бұл фестиваль әр кез тарихи тұлғалар мен өнер қайраткерлерінің мерейтойларына арналып өткізіледі. 2022 жылы аталмыш фестиваль жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналса, биыл Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойына арналып отыр. 

Шымкент 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ІХ халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді
  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер