Ауыл — Қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2 пайыз немесе 7,5 миллион адам тұрады. Ауылдардың дамуына жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Сондықтан ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту — басты міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Осы орайда Сауран ауданында ауылдарды дамыту жоспары кестеге сай орындалып келеді. Әсіресе елді мекендерде инфрақұрылым жұмыстарын жүйелі жүргізу қарқын алуда. Бұған дәлел Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округі, Қазақстанның 30 жылдығы ауылындағы жарық шамдардың жаңаруы.
Ауыл округтің түнгі көрінісіне әр беріп, Бершінтөбе көшесі тұрғындарының талап-тілегін орындай білген Игілік ЖК-нің мердігерлігімен жүзеге асуда. Сонымен қатар, көше бойында орналасқан ретсіз өскен ағаштарды қалыпқа келтірумен айналысуда. Аталған жұмыстардың айдың аяғына дейін аяқтауды межелеп отыр.