Сауран аудан әкімдігінің әлеуметтік желілерінде, ауыл тіршілігі мен тұрмысына қатысты басқа да түрлі жиындарда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – көшелерді жарықтандыру мәселесі.
Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді ауыл мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады. Көшелерді жарықтандыру үшін қауіпсіз әрі тиімді энергия қондырғыларын енгізу маңызды әрі басымдыққа ие болатындығы сондықтан. Яғни, көше жарығы әр ауылдың сәні. Осы бағытта ауданда бірқатар жұмыстар легі жүріп жатыр. Мәселен Шорнақ ауыл округне қарасты Қосмезгіл елді мекенінде орналасқан Ш.Уалиханов, Кентоғай көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары бастау алды. Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасалынып жатқан істерді «Astana Smart Plus» ЖШС мердігер мекемесі жаңа жарықшамдар орнату үшін бетон құю жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінде Новай-1 көшесіне түнгі көше жарық шамдары орнатылды. Күз, қыс мезгілінде қараңғы уақытта мектептен қайтатын оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтын ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды. Көше жарықшамдарын орнату тұрғындардың түнгі уақыттарда қауіпсіз жүріп тұруына, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызы орасан зор.