Жиһаз өндірісі қанат жайып келеді

image.png

Түркістан облысында жиһаз өнеркәсібі саласында 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ірілері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өнімдерін экспорттауда. Облыс кәсіпкерлері жиһаз өнеркәсібі саласында биылғы 8 айда 4,0 миллиард  теңгенің өнімін өндіріп, көлемін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,8 пайызға өсірген. Жиһаз өндірісінің дамуына Сауран ауданының кәсіпкерлері де өз үлестерін қосуда.

Түркістанның облыс мәртебесін алуы мен Сауран ауданының қайта ашылуы, өңірдің іскер қауымының жаңа жобаларды игеруіне жол ашты. Түркістан мен Сауранда мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үйлердің құрылысының жоғары қарқынмен дамуы кәсіпкерлердің жиһаз жасауға құлшынысын арттырды.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «DIVALUX» ЖШС кәсіпорны 370 миллион теңге несие алды. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылған.  Жұмсақ жиһаздың 40-қа жуық түрін шығаратын кәсіпорын 2002 жылы құрылған. Содан бері аталған мекеме өз өнімін еліміздің барлық өңірлерінің нарқына шығарып үлгерген. Мекеме басшысы Шухрат Нәбиевтің ендігі мақсаты – кәсібінің өрісін кеңейтіп, дайын тауарды алыс-жақын шетелдерге экспорттау. «Алғашында жиһаз шығаруды 5 мың шаршы метр аумақта бастадық. Ол кезде 5-6 адам ғана жұмыс істейтін. Тапсырыс көбейіп, өнім өзекті болған соң жұмысшылар саны жыл санап арта түсті. Қазіргі таңда, жұмысшылар саны 120-ға жетіп отыр. Мамандардың негізгі бөлігі жергілікті азаматтар. Олардың біліктілігін арттыруға да тиісті деңгейде жұмыстар атқарып жатырмыз», – деді Ш.Алиханұлы.

Жиһазға қажетті шикізаттар Түркия елінен жеткізілуде. Аталған цех айына 500-ге жуық жиһаз құрастыруға қауқарлы. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Өткен жылы Иассы ауылдық округінде орналасқан «Sem Brend» жиһаз цехы, жоба құны 300 миллион теңге несие алып, 100 жаңа жұмыс орнын қамтитын жоба іске қосылды. Бұлардың негізгі атқаратын жұмысы темірден жиһаз жасау кәсіпорны қазіргі таңда 45 гектар аумақты алып отыр.

Айта кетейік, жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізді. Жиынға, сонымен бірге осы салаға бейімделген кәсіпорындарға қажетті жабдықтар тасымалдайтын мекеме өкілдері де қатысты.

Облыс әкімі Түркістан облысынан арнайы жер бөлініп, өндірістік парктер салынатынын, онда кәсіпкерлерге жағдай жасалатынын айта келе облыста жиһаз саласы бойынша кластер жасақтау, кәсіпорындарды бір аймаққа шоғырландырып, экспорттық әлеуетін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.

– Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн. Арнайы парктер құрылады, қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Алдағы уақытта Түркістан қаласының маңында жиһаз кластерін дамытуға бағытталған өндірістік парктер жұмысын бастайды. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер